Пиязды базарда қымбатқа сатқан 19 алыпсатар анықталды
Олар өнімді ірі сауда желісінен алып, оны базарда сатқан
Бүгінде пиязды қымбатқа сатқан 19 адам анықталды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Пияз мәселесіне тоқталайын. БАҚ-тың сондай күші бар. Ол әрбір тауарды ерекше қылдыруы мүмкін. Себебі, Қазақстанда пияз жетеді. Біз (пияз – авт.) экспортын жауып тастадық. Пиязды үйге керек кезде 1-2 келі қылып алуға болады. Бірақ оған қазір спекулянттар қосылды. Қазір Астанада пияздың бағасы – 130 теңге. Мысалы, Magnum дүкенінде», - деді Серік Жұманғарин Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Вице-премьер ірі сауда желісінен пиязды көп қып алып, оны базарда қымбатқа сатқан алыпсатарлар анықталғанын жеткізді.
«Кеше Magnum дүкені өзі тергеу жүргізіп, 19 адамды анықтады. Олар тауарды қап-қабымен алып, базарда сатқан. Бұл да дұрыс емес. Біз осы тауарды қарапайым халық үшін сақтап, арзанға сатып жатырмыз. Оның бір келісі – 130 теңге», - деді үкімет басшысының вице-премьер.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин өнім сапасына қатысты әңгіме болғанын жеткізді.
Екінші мәселе, пияздың сапасына қатысты болды. Оның барып тексердік. Нәтижесінде сапасы жақсы екенін анықтадық..., - деп сөзін түйіндеді Серік Жұманғарин.