Ресей Urals маркасынан бас тартуы мүмкін: Қазақстан өзінің KEBСO маркасына неге көшпей отыр
Сарапшылар Urals-тың мәні жойыла бастағанын айтады
Мамандардың айтуынша, көп ұзамай Urals мұнай маркасының мәні жойылуы мүмкін. Өйткені Ресей ол маркадан бас тартуды көздеп отыр. Ал Urals Қазақстан үшін мұнай компанияларынан экспорт салығын жинаудың негіз болып келеді. Сондықтан оның орнына әлдеқашан KEBСO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) маркасын қолдану қажеттілігі туғанын айтып отыр. Себебі ол салық жинау үшін әлдеқайда әділ әрі лайықты көрсеткіш болатынын айтады.
САЛЫҚ BRENT-ПЕН ЕСЕПТЕЛЕДІ
Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың сөзінше, КҚК (Каспий құбыры концорциумы) арқылы СРС Blend деген өз маркасы бар. Ол құбырмен 53 млн тонна кетеді. Бұрындары ол брентпен қатар жүретін, кейбір кезде айырмашылығы 1-2 доллар ғана болатын. Ал Urals аралас мұнай болған соң Атырау-Самара арқылы жылына 12 млн тонна кететін.
Онда Ресей мұнайымен араласқан соң Ресей порты бар, Балтық порттары бар, ол жақтарда Urals болып сатылатын. Бірақ жаздан бастап Urals-қа үлкен жеңілдік жасалды. Мысалы, Brent бағасы 100 доллар болса, дисконт 37 долларға шейін барды. Ал оның ішінде қазақстандық мұнай болған соң олардан ажырату үшін Urals деп сата бастады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл Еуропадағы мемлекеттерге керек болды. Бірақ, KEBСO-ның да дисконты тамызда 13 доллар болатын. Ал қыркүйектен бастап ол жеңілдік 7 доллар болды. Ал мемлекет сол мұнай өндіретін компаниялардан салық аларда жеңілдікпен сатылып жатыр ма, оқыс оқиға болды ма, жоқ па – ондай ерекше жағдайларына қарамайды. Тек Plats басылымында көрсетілген бағамен есептейді. Яғни, сол платформаға қарап, мұнайдың бір айдағы орташа бағасын шығарып, содан салық алып отырады. Өйткені Салық кодексінде қарастырылмаған.
Сарапшының сөзінше, тек трейдердерлер ұзақмердімді келісімшартында Urals деп көрсетсе ғана мемлекет сол маркамен есептейді. Тек оны компания мемлекеттік органға дәлелдей алуы керек. Ал көрсетілмесе, Brent-пен есептеле береді.
Енді Urals сәуір айынан бастап жойылатын шығар. Өйткені Urals-қа жеңілдік үлкейіп кеткен соң Ресей үкіметі түрлі шара қолдана бастады. Соның ішінде сәуірден бастап жеңілдікті Brent-тің бағасымен көрсетуді ойластырып жатыр. Демек, Urals маркасының мәні жойылады. Онда мән қалмаса, біз неге сол Urals-қа таңылып қалуымыз керек? – деген орынды мәселе көтереді.
Ал KEBСO маркасы туралы айтылып жүргеніне жарты жылдан асты. Тіпті еліміздің Энергетика министрлігі назарға алып отыратын Plats басылымы да KEBСO-ны 18 қаңтардан бастап күнделікті бағамына шығарды. Яғни, сол уақыттан бері KEBСO марка ретінде мойындалған және өзіндік құны бар. Алайда Салық комитеті қашан да максималды түрде мұнай бағасын Brent-пен есептеп келеді. Қаржы министрлігі де әлі күнге шейін KEBСO-ны мойындамай отыр.
РЕСЕЙ URALS-ТЫҢ ЖЕҢІЛДІГІН ҚАЙТА БЕКІТТІ
Сөз арасында айта кетейік, Ресей Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың қаңтарында Urals құны орта есеппен барреліне 49,48 долларға бағаланды. Бұл 2020 жылдан бергі ең төменгі баға. Ал сол уақытта Brent баррелі орта есеппен 77,82 доллардан сатылып жатқан.
Ал мемлекеттік думасы 12 ақпанда Urals-тың Brent-ке қарағандағы жеңілдік көлемін бекітті. Енді олардың жаңа заңы бойынша сәуірде Urals бағасы Brent-тен 34 доллардан да артық арзандап кетсе, онда дисконт 34 доллар деп қарастырылады. Мамырға дисконт 31 долларға дейін, маусымда 28 доллар, ал шілдеге 25 долларға бекітілген.
KEBСO-НЫҢ СИПАТТАМАСЫН URALS-ТАН КӨШІРІП ҚОЯ САЛҒАН
Мұнай сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, Urals бағасы Brent-ке қарағанда 20-30%, бәлкім одан да төмен. Ал Қазақстан мұнайы онымен салыстырғанда қатты төмен түсе қойған жоқ. Сондықтан елімізге көбірек пайда табу үшін KEBСO маркасына өткен дұрыс екенін айтады. Өйткені ол Brent-пен салыстырғанда 7 доллардай ғана арзан.
Ал Салық кодексі әлі сол Urals-қа қарап отырса, компаниялар мұнайы KEBСO-мен сатып, көп пайда тауып, салықты аз төлеуі мүмкін.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан KEBСO арқылы есептеуге көшер болса, мынадай оңтайлы тұстары болады. Біріншіден біз, саяси тұрғыдан Еуропаның алдында Ресей мұнайына қатысымыз жоқ екенін дәлелдей аламыз. Өйткені, олар Urals-ты алмауға барынша тырысып жатыр. Алғанның өзінде өте үлкен дисконтпен алады.
Екіншіден, Urals пен KEBСO-ның сипаттамасын алсақ, екеуі бірдей. Соны шамалы өзгерту керек еді деген ойда. Ол үшін біздегі бүкіл мұнай кенішін зерттеу керек. Сондықтан KEBСO маркасына көшуде Urals-тың сипаттамасын көшіріп қоя салғандай асығыстық болғанын айтады.
Айта кетейік, Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы Brent және Urals маркалы мұнай бағалары былай қалыптасты:
Brent маркалы шикі мұнайдың 1 баррелі:
- 2022 жылдың 1 тоқсанында - 46 722,53 теңге;
- 2022 жылдың 2 тоқсанында – 50 442,06 теңге;
- 2022 жылдың 3 тоқсанында – 47 932,65 теңге;
- 2022 жылдың 4 тоқсанында – 41 591,16 теңге болды.
Urals маркалы шикі мұнайдың 1 баррелі:
- 2022 жылдың 1 тоқсанында – 40 017,59 теңге;
- 2022 жылдың 2 тоқсанында – 34 354,30 теңге;
- 2022 жылдың 3 тоқсанында – 34 003,93 теңге;
- 2022 жылдың 4 тоқсанында – 29 811,60 теңге.