Ауыл халқына арзан несие: Пайдасынан зиян көп

Айнұр Шошаева

Төлеутай Рахымбеков бағдарламаның олқылықтарын атады

Коллаж: Halyq Uni

Үкіметтің ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған бағдарламасы күткен нәтижені бермеуі мүмкін. Саясаткер Төлеутай Рахымбеков аталған бағдарламаның осал тұтастарын атады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еске сала кетейік, биыл Қазақстан үкіметі ауыл халқының табысын арттыру жобасына 52,4 млрд теңге бөлуді көздеп отыр. Бұл сомаға 2,5 пайызбен 11 мың шағын несие беру жоспарланған. Төлеутай Рахымбековтың пікірінше, бағдарламаның олқылықтары көп. 

«Арзан пайызбен несие беріп, халықтың табысын арттырамыз дейді. Осы бағдарламаны ойлап тапқан шенеуніктерге қоятын бірінші сұрағым: бұл несиені не үшін береді? Ауыл тұрғындары бірдеңемен айналысып, табысын арттыруы керек. Бірдеңемен айналысу үшін оларды оқытты ма, немен айналысады? Кәсіпкерлікті айтпаймын, оны шатастырмау керек. Ол көптің ішінде азына ғана бітетін дарын, қабілет. Ал ауылдықтарға ақшаны берсе, оны қайда және қалай жұмсайды? Дайын тұрған сауын сиыр немесе бордақылайтын мал бар ма? Мәселен, егіп өнімін жинайтындай дайын тұрған картоп бар ма? Несие ол нарыққа қосымша ақша болады, яғни инфляцияға әкеледі, Сұраныс болған соң баға көтеріледі, нарықтық экономиканың заңы», – деді ол. 

Бағдарлама аясында ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен 7 жыл мерзімге дейін несие беру көзделген. 

2,5 пайызбен несиені алу үшін халық кепілге мүлік қою керек. Халықта кепілге қоятын заты бар ма? Ауылдағы халықтың 100 пайыз байлығы – тұрып жатқан үйі. Ал олардың бағасы арзан, ол несие алу үшін жеткіліксіз. Алысқа бармай-ақ Астанадан 100 шақырым жердегі ауылға барып үйлердің бағасын сұрап қайтса, жағдай белгілі болады, – деп қосты Рахымбеков. 

Сондай-ақ ол өнірілген өнімді өткізу жолдары қарастырылмағанын атап өтті. 

«Несиені алып, қажетті кәсіпті тапты дейік, ал өндірілген өнімді қайда өткізеді? Өткізу жүйесі жоқ. Бұл – Үкіметтің 2011 жылдан бері келе жатқан қателігі. Себебі өзін-өзі жұмыспен қатмамасыз етудің жол картасы деген болды. Одан кейін «Еңбек» бағдарламасы пайда болды. Несие береді, бәрі жұмыс істеп тұрғандай көрінеді. Бірақ мен айтқан үш мәселе өзектілігін жойған жоқ. Несиені қайтару үшін өндірілген өнімді өткізу керек. Жалпы, бұл бағдарламаны өмірді білмейтін, асфальтта өскен адамдар жазған. Осы мәселені 7-8 жылдан бері көтеріп келеміз. Тауар өндірудегі ең бірінші туындайтын қиындық оны өткізуде жатыр. Мәселен, сүт өнімдерін өндіргенімен оны өткізе алмаса, ол кәсіптен не пайда?» – деді спикер. 

Оның пікірінше, аталған бағдарламаны табысты іске асыру үшін алдымен өткізу жолдарын қалыптастыру керек. 

Оны қалыптастырудыің жалғыз жолы  бар, ол – кооперация құру. Ауылда тұратын тұрғындар өздерінің отбасылық шаруашылықтарын (жеке қосалқы шаруашылықтар) біріктіріп, тұтыну-қызмет көрсету кооперативін құруы керек. Ол өндірілген өнімді өткізіп берумен айналысады. Сондай-ақ несиені сол кооперативтер арқылы беру қажет. Оған қоса, кооператив арқылы білім таратып, консультация берумен айналыса алады. Мысалы, несиеге алған сиыр өліп қалса кім жауап береді. Ветеринар жоқ болса, тиісті көмекті кім көрсетеді. Осындай мәселелерді кооператив арқылы шешуге болады, – деп толықтырды сөзін. 

Бұған қоса, ғалым аталған бағдарлама өзгермесе, халықтың табысын арттырады дегенге күмәнмен қарайды. 

«Халық ауылдан неге қашып жатыр? Ең басты проблема – табыс төмен. Мектептің сапасы төмен, медицина дамымаса да, шыдайды. Ал табыс болмаса қалай өмір сүреді? Қалаға көшеді. Бағдарламаның ниеті жақсы болғанымен, түбі халықты қинауға әкеледі. Жемқорлыққа әкелуі мүмкін. Кезінде «Бизнес бастау» деген жоба болды, 3-4 апта бизнес жоспар жасауды үйрететін. Сол кезде «үйде отырған, оқу оқымаған адамға бизнес жоспарды дайындауды оқыту не үшін керек? Одан да сүттен қаймақты қалай жасайды, киізді қалай басатынын неге үйретпейсіңдер?» деп айтатын едім. Әлі де сол пікірдемін», – деп қорытындылады сөзін Төлеутай Рахымбеков.