×

Қаңтарда жылдық инфляция 20,7%-ға жетті – Ұлттық банк

Азық-түлік бағасы мен түрлі қызмет көрсету ақысы қымбаттаған

 Дәурен Ерболат 14.02.2023 | 11:02
көрнекі фото: egemen.kz

Қазақстанда жылдық инфляция 20,7%-ға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы 2022 жылғы наурыздағы ең жоғары мәнге (3,7%) жеткен соң төмендеп келеді. Алайда биыл қаңтарда айлық инфляция біртіндеп 1,1%-ға дейін төмендеді. Бұған қарамастан, ол орташа жылдық мәннен едәуір асатын деңгейде қалып отыр. Жылдық мәнде инфляция биыл қаңтарда 20,7%-ға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияның өсуіне мейлінше үлес қосып отыр», - деді Берік Шолпанқұлов.

Ұлттық банк төрағасының орынбасарының айтуынша, азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорт тауарларының қымбаттауы мен оларға сұраныстың сақталуына байланысты 20,2%-ға дейін жеделдеді. Ақылы қызметтердің инфляциясы 14,2%-ға жетті.

«Логистиканың өзгеруіне, жоғары инфляциялық күтулерге, сұранысты фискалдық қолдауға және кредит берудің ұлғаюына байланысты инфляцияның өсуі жалғасып келеді. Осы тәуекелдер базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұруды талап етеді», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама