Сағатына 5 мың теңгеден басталады: Қазақтар Ұлыбританияға бау-бақша жұмыстарына кетіп жатыр
2023 жылы еңбек иммигранттарын тартуға 45 мың квота белгіленді
Ұлыбритания 2023 жылға еңбек иммигранттарын тартуға квотаны арттырды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ұлыбританиядағы маусымдық фермерлік жұмысқа барып жатқан қазақстандықтардың видеосы TikTok желісінде кең тарала бастады. Осыған орай Halyq Uni тілшісі маусымдық жұмысқа бару шарты туралы тиісті орындарға ресми сұрау жіберді.
Белгілі болғандай, жергілікті үкімет басқа елдерден, соның ішінде ТМД елдерінен Ұлыбританияда жұмыс істегісі келетін еңбек иммигранттарын тартуға квота санын ұлғайтып отыр.
«Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуына, COVID-19 пандемиясына және Украинадағы ахуалға байланысты Шығыс Еуропадан британдық фермаларда жұмыс істейтін маусымдық жұмыскерлер саны едәуір азайған болатын. Осы себепті 2022 жылы жергілікті үкімет басқа елдерден, соның ішінде ТМД елдерінен Ұлыбритания аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін еңбек иммигранттарын тартуға 38 мың квота бөлген. 2019 жылы – 2 500, 2020 жылы – 10 000 және 2021 жылы 30 000 квота бөлінген, сондай-ақ 2023 жылға еңбек иммигранттарын тартуға 45 мың квота белгіленді», – деп жауап берді СІМ баспасөз қызметі редакция сауалына.
«Seasonal Worker visa (Temporary Work)» бағдарламасы өзге елдің азаматтарына көкөніс пен баубақша секторында, жалпы және бастапқы өндірістік жұмыс және бақылау жұмыстарын орындау үшін ұзақтығы 6 айға дейінгі мерзімге дейін баруға мүмкіндік береді.
Жұмысшылар көбіне өсімдіктерді күту, жинау, жылыжайларды салу және жинап алу, суару, күтіп ұстау, өсімдік шаруашылығы, жұмыс берушінің аумағында дақылдарды буып-түю және өңдеу, дайындау және жинау сынды жұмыстарды атқарады.
Қазіргі таңда «Tier 5» жұмыс визасын беруге Ұлыбританияның кеңейтілген маусымдық жұмысшыларды жалдау схемасы бойынша жұмыс істеу үшін үкімет іріктеген төрт ірі рекрутингтік компания бар:
- «Concordia»,
- «Pro Force Limited»,
- «Fruitful Jobs» және
- «AG Recruitment» and «Management Ltd».
Ескерте кетейік, аталған төрт компаниядан басқа рекрутингтік агенттіктердің алаяқ болуы ықтимал.
Ұлыбританияның Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың қаңтар-маусым аралығында Қазақстанның 1655 азаматы маусымдық жұмысшы ретінде тартылған. Оларға аптасына кемінде 30 сағат жұмыс істеуге болады және сағатына 10,10 фунт стерлинг төленеді. Бұл, 2023 жылғы 13 ақпандағы Ұлттық банктің бағамы бойынша, 5509 теңге.
Қосымша ақпарат алу үшін Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігіне жүгінуге болады.