Halyq Uni логотип
×

Монополияға қарсы орган Яндекс. Таксиге қатысты тергеуді тоқтатты

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2022 жылдағы тауар нарығына талдау жүргізіп жатыр

 Халық үні 13.02.2023 | 14:50
Монополияға қарсы орган Яндекс. Таксиге қатысты тергеуді тоқтатты
Фото: Владислав Воднев

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Яндекс. Таксиге қатысты тергеуді тоқтатты. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін агенттік 2022 жылы 2020-2021 жылдар кезеңінде таксидің ақпарат-диспетчер қызметтерінің тауар нарығына талдау жүргізді.

Талдау нәтижелері бойынша Яндекс. Такси нарығының үлесі Алматы қаласы бойынша 2020 жылы – 83,78%, 2021 жылы – 84,34% құраған.

Астана қаласы бойынша 2020 жылы – 60,7%, 2021 жылы 67,3% болды.

Жүргізушілер мен сервис тұтынушыларының көптеген шағымы бойынша Яндекс. Таксиге қатысты монополияға қарсы тергеу басталған. Оған бағаның жоғары болуы себеп болған.

Яндекс.Такси комиссиясының мөлшері нарықтағы бағадан жоғары және қосымша құн салығын қосқанда 17%-дан басталады. 

«Бұл такси қызметтері құнының жалпы қымбаттауына алып келеді және сервис жүргізушілеріне шамадан тыс жүктеме әкеледі. Алайда Яндекс. Такси тергеуді бастау туралы монополияға қарсы органның бұйрығына шағымданды», - делінген ақпаратта.

2022 жылдың 22 маусымында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бұйрығымен «Яндекс.ТаксиКорп» ЖШС-ға қатысты бәсекелестік заңнамасын бұзғаны үшін тергеу басталды. Агенттіктің хабарлауынша, монополияға қарсы органның бұйрықты қабылдау жөніндегі іс-әрекетінің заңды екені бірінші сатыдағы сотта дәлелденді. Яндекс. Таксидің монополияға қарсы органның әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап-арызы қанағаттандырылмады.

Сндай-ақ сотта агенттіктің тек 2020 және 2021 жылдары ғана тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жасағаны анықталды.

2022 жылдағы тауар нарығына талдау жүргізілмегендіктен, сот тексерілетін кезеңнің бір бөлігін жою туралы шешім қабылдады.

Қазір монополияға қарсы орган 2022 жылға арналған тауар нарығына талдау жүргізіп жатыр.

Алайда Яндекс. Такси қайтадан уәкілетті органның заңды талаптарын орындаудан жалтарып, қажетті ақпаратты бермей келеді. Бұл агрегатор тарапынан монополияға қарсы іс жүргізудің қасақана кешіктіріліп жатқанын көрсетеді, - деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Соған байланысты Яндекс. Таксиге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама