Зілзала: Түркия экономикасы шамамен 84 млрд доллар шығынға ұшыраған
Инфрақұрылымдарды қалпына келтіру шығыны ЖІӨ-нің 5,4 пайызынан асуы мүмкін
Алдын ала есептеулер бойынша, Түркияның оңтүстік-шығысында болған екі жойқын жер сілкінісінен елдің ұлттық экономикасына 84 миллиард доллар шығын келтірілген. Бұл туралы Bloomberg сайты хабарлады.
Бүгінде бұл елде зілзала салдарынан шамамен 13,5 миллион тұрғыны бар 10 провинция зардап шегіп отыр.
Түркия кәсіпкерлік және бизнес конфедерациясының мәліметінше, төтенше жағдай тұрғын үйлерге шамамен 70,8 миллиард доллар шығын келтірген. Ұлттық табыстың жоғалуы тағы 10,4 миллиард долларды құрайды. Ал жұмыс күшінің жоғалуы түрік экономикасын 2,9 миллиард доллар шығынға ұшыратуы мүмкін.
Жолдарды, электр желілерін, ауруханалар мен мектептерді қалпына келтіру елдің бюджет тапшылығы бойынша ЖІӨ-нің 5,4 пайызынан асуы мүмкін.
Бұл ретте конфедерация сарапшыларының есептеулері 1999 жылы Стамбұл маңындағы 18 мыңға жуық адамның өмірін қиған жер сілкінісіне негізделген. Дегенмен соңғы жер сілкінісі әлдеқайда жойқын болды. 30 мыңға жуық адам қаза тапса, тағы мыңдаған адам із-түзсіз жоғалғандар санатында.
Сарапшылар шығынның нақты көлемі туралы айтуға әлі ерте екенін де ескертіп отыр.