Қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады.
Мемлекет басшысына Ұлттық банктің 2022 жылғы 1-тоқсанда жүзеге асырған ақша-кредит саясатының алдын ала қорытындылары жөнінде, сондай-ақ қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берілді, – дейді Ақорда.
Президентке сыртқы әрі ішкі нарықтардағы ахуал жайында баяндалды. Пірматов валюта нарығында қалыптасқан үрдістер, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордағы активтердің жай-күйі жайлы айтты. Сонымен қатар Тоқаевқа инфляция қарқыны, банк жүйесіндегі депозиттер құрылымының өзгеруі, зейнетақы активтерінің жағдайы, төлем жүйесінің дамуы жайында мәлімет берілді.
«Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді», – делінген ақпаратта.