×

Басқа елдер алтынды өзіне жинаса, Қазақстан сыртқа сатып жатыр

Былтыр алтынды Ресей мен Қырғызстан көп сатып алған

 Дәурен Ерболат 09.02.2023 | 14:49
Фото: AFP

Қазақстан алтын сатудан түсетін экспорт табысын арттырып жатыр, деп хабарлады Finprom.kz.

2022 жылғы қаңтар-қарашада қазақстандық экспорттаушылар шетелге жалпы сомасы 66,9 млн доллар болатын 4,2 тонна өңделген және өңделмеген алтын жіберген. Бұл – 2021 жылы толық экспортталған алтынмен шамалас.

Президенттің «Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы» Жарлығына сәйкес, елден 100 грамнан асатын алтын құймалары мен тазартылған алтынды әкетуге тыйым салынды. Мұның Ұлттық банкінің немесе құрамында алтыны бар шикізатты Қазақстанда қайта өңдеу және басқа елдерге кері экспорттау үшін импорттайтын ірі компаниялардың операцияларына қатысы жоқ.

Былтыр қазақстандық алтын экспортының құрылымы өзгерді. Егер 2017-2021 жылдары сары металдың негізгі сатып алушысы Қырғызстан болса, өткен жылы экспорт көлемі физикалық мәнде осы елге (52,5%, 2,2 тонна алтын) шыққанымен, бірақ ақшалай мәнде Ресей алтынды ең көп сатып алды – 61,6%, 41,2 млн доллар. Қырғызстан – 38,3%, 25,7 млн доллар.

Қазақстандық алтынды сатудан түсетін табыс өсімінің маңызды факторы әлемдік нарықтағы қолайлы жағдай болды.

World Gold Council дерегінше, 2022 жылы осы бағалы металға ерекше инвестициялық сұраныс артты. 

Былтыр әлемде 4 742 тонна алтын сатылды, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда, 18%-ға артық. Бұл негізінен әртүрлі елдердің орталық банктері тарапынан осы активке сұраныстың артуына байланысты болды. Тұрақсыздық пен пессимистік болжамдар аясында олар 1 136 тонна алтын сатып алды.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің сарапшылары бұл көлемді соңғы 55 жылдағы орталық банктерге сату статистикасындағы рекорд деп отыр.

Сұраныстың артуы бағаға да әсер еткен. Өткен жылы сату үшін ең қолайлы уақыт наурыз-сәуір болды. Ол кезде алтынның бір унциясының құны 1,9-1,94 мың доллар еді. Қыркүйек-қазанда баға ең төмен болды. Онда бір унция бағамы 1,63 мың долларға дейін төмендеді.

2023 жылғы қаңтардың соңындағы жағдай бойынша бұл активтің бір унциясы 1,92 мың доллар болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,3%-ға жоғары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама