Қазақстан АЭС-тен қанша электр қуатын өндірмек - министр жоспарын айтты
Еліміз АЭС-тен қанша электр қуатын өндіретініне дейін жоспарлап қойған
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім әзірленген. Жоспар бойынша, 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну шамамен 153 млрд кВт сағатты құрайды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Министрлік мәліметінше, қолданыстағы энергия көздері алдағы уақытта халық пен экономикамыздың қажеттілігін өтей алмайды. Оның орнын толтыру үшін 2035 жылға қарай төмен көміртекті генерация көздері, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану жөніндегі нысандар іске қосылуы қажет. Сонымен қатар Қазақстанда қауіпсіз және тұрақты атом энергетикасын дамытуға итермелейтін себептер бар. Мәселен, базалық генерацияны енгізу қажеттілігі, белгіленген қуатты пайдалану коэффициентінің төмен көрсеткіші және ЖЭК генерациясының тұрақсыздығы, көміртегі бейтараптығының әлемдік күн тәртібі және еліміздің парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелері соған түрткі болмақ. Осыған байланысты энергия теңгерімін қалыпты ұстау үшін дәстүрлі және ЖЭК қуатын өсіріп, бұнымен бірге АЭС генерациясын енгізу қарастырылып отыр.
Мамандардың бағалауынша, 2035 жылға қарай іске қосуға қажетті жаңа энергетикалық қуаттар құрылымы мынадай болуы мүмкін:
- 5 кВт-тан астам газ өндіру;
- 2 ГВт-тан астам гидроэлектр станциялары;
- 1,5 ГВт көмір генерациясы;
- 6 ГВт астам жаңартылатын энергия көздері;
- 2 ГВт астам атом генерациясы.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік дерегінше, 2050 жылға қарай барлық ел АЭС-тан электр энергиясын өндіру көлемін 1,8 есе арттырмақ. Яғни, 2021 жылғы 390 ГВт-тан 2050 жылы 715 ГВт-қа дейін өсуі болжанып отырғанын хабарлады. Қазір 31 ел атом электр станцияларын пайдаланады. Биылғы ақпандағы жағдай бойынша, әлемде жалпы қуаты шамамен 390 ГВт болатын 439 энергетикалық реактор бар, әлемнің 19 елінде 52 реактор салынып жатыр. Атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының жалпы генерациясының 10%-ын қамтиды. Энергетика министрлігі АЭС салу мәселесін неғұрлым перспективті бағыттардың бірі ретінде қарастырады.