×

КҚК апаты: Белгілі сарапшы еліміздің мұнай экспортына төнген қауіпті айтып берді

Рашид Жақсылықов екі жыл бұрын 600 млн долларға күрделі жөндеуден өткен КҚК-да болған апатқа күмәнмен қарайды

 Ербол Тұрымбет 25.03.2022 | 11:45
коллаж: Halyq Uni

Каспий құбыр желісі концорциумындағы апатқа байланысты кеше Энергетика министрлігі түсініктеме берген еді. Онда апаттың неден болғаны және Қазақстан мұнайы енді экспортқа қалай шығарына қатысты жоспарлары айтылды. Бірақ Энергетика министрлігінің бұл мәлімдемесімен сарапшылар келіспейді. Қазақстан мұнай сервисі компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен КҚК-ның апатқа ұшырауы мүмкін емес. Сондықтан оны «Ресейдің әдейі істеп отырған саяси әрекеті» деп бағалайтынын айтады.

600 МЛН ДОЛЛАРҒА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКЕН

Рашид Жақсылықовтың айтуынша, Ресей мемлекеті Қазақстанмен үлкен сауда жасайды, бұл сол үшін жасалып отырған саяси қадам.

Олардың Украинадағы әрекетін қолдамағанымызға көңілі толмады, ҰҚШК аясында әскер жібер деді, оны да қолдамадық. ЕЭК аумағында рубльдің аймағын кеңейтеміз дегенін де қолдаған жоқпыз. Осы мәселелердің шешімін табу үшін жасалынып отырған дүние деп есептеймін, - дейді сарапшы.

Сарапшы пікірінше, бұған дейін 55 млн тонна мұнайдың 2/3-сін тасымалдап отырған, 30 жылдың төңірегінде жұмыс істеп жатқан құбыр ешқашан бұндай техногендік немесе табиғи апатқа ұшырамаған.

«Ұшырауы да мүмкін емес еді. Себебі, 2019-2020 жылдары 600 млн доллар шамасындағы қаражатқа үлкен күрделі жөндеуден өткен. Және бұл жұмысты үлкен трансұлттық кәсіби компаниялар жасаған. Біздің отандық не ресейлік компаниялар әлдебір ақауды жіберіп алды деп есептеуге болар еді. Бірақ оны тәжірибесі мол, мұнай саласында 200 жылдай жүрген тарихы бар компаниялар жасағандықтан, мүмкін емес дүние», - дейді Рашид Жақсылықов.

Хронологияны алып қарайтын болсақ, Ресей орталық банкі шетелдегі активтері бұғатталады және әлем елдері олардың энергия ресурстарынан бас тартады деп сенген жоқ.

«Шындығына келгенде, қателесті. Әлем мұндай шараларға ешқандай аяушылықпен қарамайтынын дәлелдеді. Сондықтан бұл Ресейдің өз экономикасын құлдыратпау амалымен жан-жағындағы көршілерге нарықтық аймағын кеңейту үшін жасап жатқан қадамы», - дейді сарапшы.

Сарапшы айтқан мұнай экспортының 2/3 бөлігі - Еуропаға кетіп жатқан, бюджеттің 60%-ға дейінгі бөлігін құрап отырған көлем. Демек, мұнай саудасы едәуір қысқарса, теңге девальвацияға ұшырауы әбден мүмкін.

«ҚАЗАҚСТАН ҮШІН КҚК-ДЕН БАСҚА МҮМКІНДІК ЖОҚ»

Рашид Жақсылықовтың сөзінше, Қазақстан қазір Баку – Тбилиси – Джейхан бағытын есептегенде, сыртқы күштерге жүгінбей 7 млн тонна ғана мұнай тасымалдай алады. Ал шекарадағы Атасу – Алашанькоу құбырымен 20 млн сата алады. Бірақ бір апта бұрын Ресей мемлекеті келіп, осы құбыр арқылы Қытайға жылына 20 млн тоннаның үстінде мұнай жүргіземіз деп, келісімшартқа қол қойғызып алған. Бірақ ол кезде КТК қалыпты жұмыс істеп тұрған.

«Көрдіңіз бе, ойы қалай?! Бірінші біздің мүмкіндігімізді толығымен байлайды, одан кейін барып біздің тасымалдап отырған құбырымыз сынады. Қазір бізде балама болатын ешқандай құбыр жоқ. Негізі 2014 жылы Қырым аннекциясы басталғанда өзіміздің мұнай тасымалымызды әртараптандыра бастауымыз керек еді. Және ол екінші, үшінші мемлекеттерге тәуелді болып отырмайтын, өзіміздің тәуелсіз құбырымыз болуы керек еді. Ол жұмыс атқарылған жоқ. Қазір жаңа құбыр салу үшін кем дегенде 4-5 жыл уақыт керек. Енді жағдай осылай қала берсе, тәуелсіздік алған жылдардағы 25 млн тоннадан көрсеткішіне қайта келеміз», - дейді маман.

Сарапшы мұнай өндірісіндегі ең ауыр нәрсе - егер ұңғымаларды бұғаттап тастаса, оны қайта іске қосу екенін айтады.  

«Біріншіден, қазіргі жағдайда нарығымызды жоғалтамыз. Бізден мұнай алып келген мемлекеттер қарап отыра бермейді. Кейін өндірісімізді қалпына келтірген күннің өзінде ертең нарықта сататын жер таба аламыз ба, жоқ па, ол үлкен сұрақ. Қазіргі мүмкіндік - Ресеймен келісіп, КҚК құбырын қайта іске қосу, басқа мүмкіндік жоқ», - дейді маман.

Айта кетейік, Қазақстанда жылына шамамен 90 млн тонна мұнай өндіріледі. Оның 17 млн тоннасы ішкі тұтынушылыққа жұмсалады.

Каспий құбыры концорциумы арқылы былтыр Қазақстан мұнай экспортының 79%-ы (53 млн тонна) өткен. Негізгі акционерлері – Ресей (31%), Қазақстан (21%) және Chevron (15%).

Атырау – Самара құбыры 17,5 млн тоннаға дейін өткізуге қауқарлы. 2021 жылы 18%-ы (12 млн тонна) сатылған.

Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры арқылы 20 млн тоннаға дейін мұнай сата аламыз. Бірақ өткен жылы мұнай экспортымыздың мұндағы үлесі 1 пайызға да жетпеген. Сондай-ақ 2 млн тонна мұнай Ақтау порты арқылы жөнелтіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама