×

Еліміздің мұнай экспорты төмендей ме - Энергетика министрлігі апатқа қатысты түсінік берді

Ресейдегі қатты дауыл Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалының жұмысына әсер еткен еді

 Халық үні 23.03.2022 | 13:45
фото: ашық дереккөзден

Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалындағы ахуал туралы айтты.

Синоптиктердің хабарлауынша, Новороссийскте қатты дауыл өтіп, жел жылдамдығы 35 м/с-қа дейін жетті. Бұл консорциум теңіз терминалының жұмысына әсер етті. 2022 жылғы 22 наурыздағы Каспий құбыр консорциумы ақпаратына сәйкес, кезектен тыс инспекция қорытындысы бойынша, 3 - шығару айлақтық құрылғысының (ШАҚ) жүзбелі шлангілерінің бірінің күштік қаңқасының ығысуы түріндегі зақымдануы, сондай-ақ ШАҚ-2 ішкі жеңінің шлангілерінің зақымдануы анықталды, – дейді ведомство.

Осыған байланысты КҚК-ны жуу және жөндеу жүргізу үшін көрсетілген ШАҚ-ты пайдаланудан уақытша шығару туралы шешім қабылдады. Қазір министрлік консорциуммен теңіз терминалының жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бойынша консультациялар өткізіп жатыр. Бұл ретте баламалы бағыттар бойынша мұнайды экспортқа жөнелту мүмкіндіктері пысықталуда.

Бұған дейін БАҚ-та «Қазақстанның мұнай экспорты 3 есе төмендеуі мүмкін» деген мәлімет тараған болатын. Қара теңізде болған дауылдан Каспий құбыр желісі консорциумына тиесілі құбырға айтарлықтай зақым келген. Аталған құбыр арқылы еліміздің экспорттық мұнайының үштен екісі сыртқа тасымалданатын. КҚК мамандарының айтуынша, танкерлерге мұнай құятын үш қондырғының екеуі айтарлықтай зақымданған. Қазір тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Құбырларды жөндеуге қажетті жабдықтарды сатып әкелгенге дейін мұнай тасымалының көлемі жоспардан 3 есеге дейін азаюы мүмкін. Консорциум үлесіне «Транснефть», «Роснефть», «Лукойл», «ҚазМұнайГаз», Chevron, Mobil, Shell, Eni сынды компаниялар иелік етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама