Сауда министрлігінің басшысы екі жақтың келісе алмауы туралы қауесетті жоққа шығарды
Вице-премьер - сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктерінің жиналып қалуына байланысты жағдайды түсіндіріп берді.
Ведомство басшысы Маштаково/Сырым шекара бекетінде Қазақстанға кіру үшін кезегін күткен көлік саны аз еместігін айтып, қазір желіде тарап жатқан «Ресей өткізбейді, Қазақстан кіргізбейді» деген хабарламаны жоққа шығарды.
«Көліктердің тұрып қалуына соңғы бірнеше аптадағы ауа райының қолайсыздығы себеп. Бұл аймақта шамамен 10 күн боран болды, көктайғаққа байланысты жолдар жабылды. Ауа райының қалыпқа келуімен жүк көліктерінің барлығы бірден Ресейдің Маштаково өткізу бекетіне келіп, көп шақырымдық кезек құрды. Оған қоса, 16-17 наурызда болған қарлы боран кезінде Қазақстанның «Сырым» шекара бекетінде электр жарығы үзілген. Қазақстан тарапынан тауардың кешігуіне осы себеп болды», - деп жазды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Дегенмен, министр қазір жолдардың қайта ашылғанын айтып, трансшекаралық саудадағы жағдайды қадағалап және ресейлік әріптестерімен үнемі байланыста екенін жеткізді.
«Сонымен қатар, жүктерді шекарадан өткізу процесін жеңілдету мақсатында қазір біз ветеринариялық инспекторлардың шекара бекетінің аумағына кіруіне рұқсат беру мүмкіндігін пысықтап жатырмыз. Бұл жүргізушілердің жеке ветеринарлық бақылау бекетіне айналып өту қажеттілігін жояды және трансшекаралық сауда процесін жеделдетеді», - деді Бақыт Сұлтанов.