Сарапшылар қымбатшылықты Үкімет қолдан жасап отырғанын айтады
Еуразиялық экономикалық кеңес мәліметінше, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі тауарлар мен қызметтерді тұтыну бағалары индексі 2022 жылдың қарашасына қарағанда желтоқсанын айында 100,8%, ал 2021 жылдың желтоқсанына қарағанда 112,9% құраған. Оның ішінде бағасы ең қарқынды өскен азық-түлік емес тауарлар болып шықты (13,3%). Ал азық-түлік құны 12,2%, ақылы қызметтер 12,9% көтерілген.
Осы ортақ көрсеткішке қарағанда одақ елдері арасында азық-түлік бағасының ең үлкен шарықтауы Қазақстанда тіркеліпті – 25,3%. Одан соң Қырғызстан (17,1%) мен Беларусьта (13,8%) байқалған.
Азық-түлік емес тауарлар бойынша да біздің ел бәрінен ілгері тұр 19,4%. Одан кейінгі Беларуста 13,7%. Ақылы қызметтер бойынша да Қазақстандағы қымбатшылық бәрінен жоғары – 14,1%. Одан кейінгі Ресейде 13,2%.
Және баға өсімінің әзір тұралайтын сыңайы байқалмайды да. Ұлттық банктің 2022 жылдың 13 желтоқсанында жариялаған сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің 66% алдағы бір жылдың ішінде бағаның жылдам немесе тұрақты өсу қарқынын күтетінін айтқан. Оның алдында қараша айындағы сауалнамада мұндай ойда жүргендер үлесі 62% болған, яғни, тұтынушылардың инфляция үрейі күшейіп барады деген сөз.
Осы орайда Мәжілістің 18 қаңтардағы жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыровтың депутаттық сауалын мысал етуге болады. Ол түйткілдің өзегі өзімізде жатқанын ашық айтқан еді. Яғни, қымбатшылық кесірі сыртқы фактордан емес, керісінше инфляцияны іштен күшейтіп отырмыз.
Оның айтуынша, негізгі себеп әлемдік инфляция дегенмен де оның қарқыны биыл 7,4%-ға жетеді деген болжам бар. Бірақ біздегі жағдай одан екі еседен де жоғары болып тұр. Демек, мәселе сырттан емес, ішкі факторлардан. Мұнай бағасы өсіп, валюталық табыс артып жатса да осындай жағдайға тап болып отырмыз. Қазір инфляция бастапқы жоспарланған 4-6% аралығы деген межеден 3-5 есе асып тұр. Халық болса тоқтаусыз өсіп жатқан бағаға өзгермейтін тұрақты жалақысын әупірімдеп жеткізіп жатыр.
Қаржыгер Эльдар Шамсутдинов инфляцияны іштен өндіріп жатырмыз деген депутаттың сөзіне мынадай мысал айтады. Шамсутдиновтің айтуынша, негізгі себеп экономикаға ақшаның көп құйылуынан. Айталық, Үкіметтің әуелде Ұлттық қордан 2022 жылы 2 трлн теңге ғана аламыз деген сөзі кейін 4 трлн теңгеден асып кетті. Сөйтіп экономиканы арзан ақшамен, несиемен толтырып, экономиканы тез арада өсіреміз деген ойы жүзеге аспай қалды. Қайта керісінше, жоқ жерден инфляцияға тап болдық.
Қазір ел ішінде инфляция сырттан импортталып жатыр деген түсінік белең алған. Алайда импорттық инфляция үлесі 2022 жылдың наурыз айында 3,7% болды. Алдыңғы 2021 жылғы наурызда 0,6% ғана болған. Енді сәуірге қарай шамамен 17%-ға бәсеңдеуі мүмкін. Сол кезде оны Ұлттық банк өз пайдасына жаза салады. Алайда шын мәнінде жағдай басқаша өрбіп жатыр, – дейді қаржыгер.
Сарапшы Рахым Ошақбаевтың жазуынша, мұның бәрін Ұлттық банктің монетарлық саясатының тиімсіздігіне тағы бір мәрте көзімізді жеткізеді. Себебі, көршілерімен соғысып жүрген Ресей мен Арменияның өзінде жағдай біздегіден әлдеқайда қалыпты. Мәселен, Арменияда 8,3% ғана. Ал Ресей қазірден-ақ инфляцияның тым бәсеңдеп қалуынан қауіптеніп жатыр. Көктемге қарай тіпті 4%-ға түсіп қалуы мүмкін. Ондай жағдай экономиканы тежеуі мүмкін, сондықтан оған жол беруге болмайды.