Ресейде дәнді дақылдар экспортына, соның ішінде ЕАЭО елдеріне тасымалдауға уақытша тыйым салынды
Ұлттық палатаға 20-дан аса кәсіпкер Ресейден дәнді дақылдар әкелуге қатысты проблемаларға тап болғанын хабарлады. Ресейден дәнді дақылдар әкелуге тыйым салуға байланысты «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер тап болған проблемаларды жинауды бастады.
Ресейде дәнді дақылдар экспортына, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне тасымалдауға уақытша тыйым салынды. Шектеу бидай, қарабидай, арпа және жүгеріге қойылды. Қантты ЕАЭО елдеріне тасымалдау Ресей ауыл шаруашылығы министрлігі берген рұқсат негізінде ғана мүмкін болады (Ресей үкіметінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №361 және 362 қаулылары), – дейді Атамекен.
Дәнді дақылдарды экспорттауға шектеу 2022 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.
ҰКП отандық кәсіпкерлерге Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өтуге көмектесу үшін Қазақстанға жөнелтуді талап ететін көліктер мен вагондар туралы деректер жинай бастады. Тауар тиелген автокөліктер мен вагондар туралы ақпарат Ресей тарапымен нақты келіссөздер жүргізу үшін ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктеріне жедел жіберіледі.
«Бізге дәнді дақылдар тасымалдайтын 20-дан аса компания жүгінді. Көптеген компания дәнді дақылдарды жеткізу туралы келісімшарттарды тыйым салынғанға дейін жасаған. Қазір дәнді дақыл тиеген машиналар мен вагондар Қазақстанға шыға алмайды», – деді «Атамекен» ҰКП Экономикалық интеграция департаменті директорының орынбасары Райымбек Жүнісов.