«Субсидияға алданып, тәуекелдерді ескермейді»: Кәсіпкер жылыжайлардың қалай шығынға ұшырайтынын айтты
36 гектар жылыжай жарамсыз болып қалды
Қазақстанда жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер бизнестегі тәуекелдерді бағаламайды. Себебі олардың дені мемлекеттің салаға беретін субсидиясына алданады. Кәсіпкер Болатбек Әлиев Түркістан облысындағы жылыжай шаруашылықтарындағы жағдайға қатысты осылай пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның пікірінше, бизнестің бұл сегментіне көптеген адам дайындықсыз келеді.
«Олардың көкөніс жылыжайларының өндірісін дамытуына мемлекеттің субсидиялауы түрткі болды. Бірақ ішінара өтелетін субсидияны алу кәсіпті табысты жүргізу үшін жеткіліксіз. Себебі бұл бонус немесе табыс емес. Керісінше, субсидиялаудың болуы кәсіпкерліктің осы түрінің қиындығын көрсетеді. Мемлекеттен көмек кейін өтелуге тиіс жеңілдік ретінде қабылдануы керек. Субсидияларға алданған қарапайым азаматтар жылыжай шаруашылығын жүргізудің қыр-сырына егжей-тегжейіне мән бермейді, тәуекелдерді соңына дейін есептемейді», – деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, салада бірқатар проблема бар, мәселен электр энергиясына тариф мен жанармай бағасының өсуі салмақ болып отыр.
«Мемлекет ауылшаруашылық өндірушілерін мүлдем есепке алмастан, монополистер мен олигархтарға бола тарифтерді үнемі көтеріп отырады. Шаруашардан тек ауыл шаруашылығы өнімдері неге сонша қымбат екенін сұрауға ғана болады. Айтпақшы, қазір дизель отыны бекітілген бағамен емес, әртүрлі схемалар бойынша келеді. Әділ қолжетімділік жоқ. Энергетика министрлігі мен ҚМГ жағдайды тек таңдаулы ойыншылар үшін ғана бақылайды. Бұл да аграрлық саладағы шаруашылықтың түпкілікті нәтижесіне әсер ететін тәуекелдер», – деп қосты ол.
Еске сала кетейік, өткен аптада Түркістан облысында түскен қалың қар мен аяз салдарынан өңірдегі жылыжайлар құлаған болатын. Зардап шеккендер – шағын жылыжайлар.
Көптеген жылыжайлар қалай көмір қорынсыз отырды? Кімге сенді, нені күтті? Кез-келген өндірістегідей форс-мажор жағдайында белгілі бір отын қоры болуы керек. Бұл әкімдік көрсететін қамқорлық емес, бизнестің тікелей жауапкершілігі. Қанша тартымды көрінгенімен жылыжай бизнесінде шығын көп. Мысалы, желтоқсанда жылыжай иелері қызанақтың келісін 150 теңгеден сата алмады. Себебі нарықта арзан түрікмендік көкөністер көбейді. Тағы бір проблема – ішкі нарықты қорғаудың жүйелік саясаты жоқ, кеден бар, бақылау бар, бірақ қорғау жоқ. Сол себепті барлық мемлекеттік қолдау тек жартылай көрсетіледі деуге болады. Өңірдегі электр энергиясы мен газ бағасына тарифтің жоғары болуы шаруалар өсіріп, өндіретін өнімнің құнына әсер етеді. Бұл да үлкен тәуекел, – деді Әлиев.
Бұған қоса, кәсіпкер жергілікті атқарушы органдар шаруашылықтарға көмір, газ бен электр энергиясын уақытылы жеткізілуін қадағалап отыруы керек деп есептейді.
«Мемлекет ауыл кәсіпкерлігін қолдайтынын айтады, бірақ бұл ешқандай проблема болмайды дегенді білдірмейді. Әр қадам сайын қиындық кездеседі. Кез келген уақытта газ бен көмірдің бағасы көтеріліп, немесе қоймада болмауы мүмкін. Бизнес неғұрлым үлкен болса, тәуекелдер соғұрлым жоғары болады. Қазір Үкімет кәсіпкерлерге көмектесу үшін есептеп жатыр, алайда жергілікті атқарушы органдар жүйелердің дұрыс жұмыс істеп, газ, көмір мен электр энергиясы уақытылы жеткізіліп тұруын қадағалап отыруы керек. Әрине, шаруалар да өнімдерін сақтандырғандары жөн, онсыз жаңа жобаларды қаржыландыруға болмайды. Сондықтан, менің кеңесім мұндай істі бастамай тұрып, бүге-шігесіне дейін ойластырған жөн», – деді Болатбек Әлиев.
Белгілі болғандай, зардап шеккен жылыжайлардың 90 пайызынан астамында құжаттары жоқ. Сондай-ақ шаруашылықтарда қар түскенде жылытуға қажетті көмір болмаған. Барлығы 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы жарамсыз күйге түсті. Қазір кәсіпкерлерге келген шығын көлемі есептеліп жатыр.