×

Банктер мен айырбастау пунктері ғана шетел валютасын айырбастауға құқылы - Ұлттық банк

Ұлттық банк қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізуде Қазақстан заңын сақтау қажеттігі жайлы ескертеді

 Қымбат Елтайқызы 18.03.2022 | 15:30
коллаж: Halyq Uni

Ұлттық банк (ҰБ) қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ел аумағында қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын тек екінші деңгейлі банктер мен өздеріне берілген лицензия негізінде банктік емес айырбастау пунктері ғана жүргізуге құқылы екенін хабарлайды.

Қолма-қол валюталарды жоғарыда көрсетілген валюта айырбастау пунктері арқылы айырбастау – қаржы қызметін пайдаланушылар құқығының қорғалуын қамтамасыз етеді. Жұмыс істеп тұрған банктік емес айырбастау пунктерінің мекен-жайы мен қосымша ақпаратты ҰБ-тың сайтынан алуға болады, – дейді Ұлттық банк.

Сондай-ақ, ҰБ тиісті лицензиясыз айырбастау операцияларын жүргізу заңсыз кәсіпкерлік түріне жататындығын, ол үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 155, 463-баптарымен және қылмыстық кодекстің 214-бабымен әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Заңсыз делдалдар, оның ішінде интернет алаңдары мен әлеуметтік желілер арқылы айырбастау операцияларын жүргізуді ұсыну заңсыз саналады және жалған монета жасаушылармен мәміле жасау қаупін тудырады.

«ҰБ мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ішкі қолма-қол шетел валютасы нарығындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді», – делінген ақпаратта.

Қазір Қазақстанда валюта айырбастаудың, сол сияқты төлем карточкаларын пайдалану, онлайн-банкинг секілді балама түрлері де қарастырылған. Олар әлдеқайда қолжетімді әрі 24/7 режимінде қауіпсіз қызмет көрсетеді.

Атап өтсек, қаржылық тұрақтылыққа төнер қауіп-қатердің алдын алу және спекулятивті қысымды төмендету мақсатында 2022 жылғы 14 наурызда «Қазақстанда қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары туралы» Президент жарлығы қабылданған болатын.

Қазір қолма-қол шетел валютасымен қамтамасыз ету мәселесі тұрақталды. Тұрғындар тарапынан сұранысқа қатысты дүрлігу байқалмайды.

Ел ішінде ішкі валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпалдасу мақсатында ҰБ екініші деңгейлі банктерді қажеттілігіне қарай қолма-қол шетел валютасымен қамсыздандырып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама