Семейде 481,8 млрд теңгеге заманауи ЖЭО салынғалы жатыр
Жалпы, Абай облысын дамытуға 1,9 трлн теңге бөлінеді
Семей қаласында заманауи жылу электр орталығы салынады. Бұл туралы бүгін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев мәлімдеді.
ЖЭО салу жобасы Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында көзделген. Облыс әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылымды дамыту саласында 732,9 миллиард теңгеге 13 іс-шара қамтылғанын атап өтті.
Президенттің тапсырмасына сәйкес және Үкіметтің қолдауымен кешенді жоспарға Семей қаласында заманауи жылу электр орталығын салу жобасы (481,8 миллиард теңге) енгізілді, - деді әкім Үкімет отырысында.
Сондай-ақ жылу көздерін, электр, сумен жабдықтау желілерін, кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобалары жүзеге асырылады.
Жалпы, Абай облысын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытуға 2 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді.