Цифрлық майнинг қызметін реттейтін заң Мәжіліске қайтарылды
Құжаттарға түзетулер енгізілді
Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстандағы цифрлық активтер туралы» заң мен ілеспе құжаттар қаралып, Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенатор Бекболат Орынбековтің айтуынша, заң Қаржы және бюджет комитетінде талқыланған. Онда ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, Мәжіліс қабылдаған құжатқа тиісті өзгерістер енгізілетін болған.
«Цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензия түрлерінің атауын нақтылау ескерілді. Сонымен қатар цифрлық майнинг қызметін жарнамалауға қатысты нормаларды алып тастау. Өйткені олар «Жарнама туралы» заңда және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте көзделген. Бұған қоса, заң нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдерін нақтылау ұсынылды. Осыған байланысты комитет Конституцияның 61-бабы 4-тармағына сәйкес заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және оларды жаңа редакцияда көрсетіп, Мәжіліске қайтаруды ұсынады», - деді депутат.
Заңның міндеттері төмендегідей:
- Жаңа терминологияны енгізу (цифрлық актив, цифрлық активтер биржасы, цифрлық майнинг, цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы);
- Цифрлық майнерлер қызметін лицензиялау;
- Цифрлық майнингтік пулдар қызметін жүзеге асыру;
- Салық салу мақсатында цифрлық майнерлер мен цифрлық майнинг пулдарының кірістері туралы мәліметтерді ұсыну;
- Цифрлық активтер биржаларының қызметін регламенттеу;
- Цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау;
- Қазақстанның цифрлық активтер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық.
Заңда ұлттық энергия жүйесін реттелмейтін цифрлық майнингтен қорғау қарастырылған. Майнерлер пайдалана алатын электр энергиясы көздерінің тізімі реттеледі. Олар жаңартылатын энергияны, импортталған электр қуатын және өз генерациясын пайдалана алады.
«Цифрлық майнерлерге электр энергиясын жалпы электр жүйесінен тікелей алуға тыйым салынады. Олар электр энергиясы қуатын жалпы энергетикалық жүйеде профицит болған жағдайда ғана және тек электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық оператор биржасы арқылы сатып ала алады. Бұл көлем үшін баға шектеулері алынып тасталады және сауда тек нарықтағы тетіктермен жүзеге асырылады», - деді Бекболат Орынбеков.
Депутат цифрлық майнерлер қызметінің екі түріне лицензиялау енгізілгенін атап өтті. Біріншісі, тиісті инфрақұрылымға, яғни деректерді өңдеу орталықтарына иелік ететін цифрлық майнерлер қызметі. Екіншісі, деректер орталықтарында ұяшықтарды жалға алатын және энергия квотасын талап етпейтін жабдық иелері болып саналатын цифрлық майнерлер қызметі.
«Барлық майнер аккредиттелген қазақстандық майнинг пулдары арқылы жұмыс істеуі керек. Осылайша, бұрын бұлтты сервистерде жұмыс істеген және Қазақстан экономикасына ешқандай пайдасы жоқ цифрлық майнерлер енді біздің резидентіміз бен салық төлеушілерімізге айналады», - деді Бекболат Орынбеков.
Сенатор қаржы жүйесіне теріс әсер етуі мүмкін қауіптің алдын алуға қатысты мәселе турасында айтты.
Қазақстандық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін сақтау үшін қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер елде төлем құралы, қаржылық актив және қаржы құралы ретінде танылмайды, - деді депутат.
Дауыс беру нәтижесінде заң мен ілеспе құжаттар Мәжіліске қайтарылды.