Прокурорлар бизнеске қатысты сотқа дейінгі тергеудің заңдылығын бір тәулік ішінде тексереді
2022 жылдың мамырынан бері кәсіпкерлерге қатысты басталған 360-тан астам қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«2022 жылдың мамыр айынан бастап прокурорлар кәсіпкерлерге қатысты басталған сотқа дейінгі барлық тергеп-тексерулерге тексеріс жүргізді. Осы кезеңде экономика саласында 360-тан астам қылмыстық іс тоқтатылды. 2022 жылғы 2 қыркүйекте Бас прокурор қылмыстық қудалау органдарына бизнес субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін егжей-тегжейлі регламенттейтін арнайы нұсқау жіберді», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ «қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» қабылданды. Оған сәйкес прокурорлар бизнес субъектілеріне қатысты әрбір іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуының заңдылығын бір тәулік мерзімде тексеруге және бұзушылықтар анықталған кезде қылмыстық қудалауды дереу тоқтатуға міндетті.
Іс заңды түрде қозғалған деп танылған жағдайларда прокурор кейін әрбір 15 күн сайын тергеу жүргізудің заңдылығы мен сипатын оның толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ете отырып тексереді, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін ай сайын кәсіпкерлерге қатысты 150-ге жуық іс қозғалса, қазір олардың саны 2,5 есеге азайған.
Прокуратура бизнес өкілдерінің проблемаларын шешумен де айналысады.
«2022 жылы прокурорлардың көмегімен бизнес субъектілері үшін 55 өткір мәселе шешілді. Олардың ішінде шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету, берешек пен субсидиялар төлеу, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қарыз алуға шектеулерді жою, тексерушілердің коммерциялық объектілерге бару практикасының жолын кесу бар», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Алматы облысында арнайы «Бизнес құқықтарын қорғау жөніндегі мобильдік топтың боты» енгізілді. Бұл тек бір QR коды арқылы прокуратураға сигнал жіберуге мүмкіндік береді.
IT-ресурстарды тиімді пайдаланудың және қадағалау актілерін енгізудің арқасында 7,1 мыңнан астам кәсіпкер 1,3 млрд теңге сомаға заңсыз айыппұлдардан босатылды, 9 мыңнан астам заңсыз тексерістер мен бақылаудың өзге де нысандарының жолын кесіп, жойылды.
Кәсіпкерлердің құқығы бұзылған жағдайда дереу 115 (Call-орталық), (7172) 30-17-93 немесе +7 702 629 75 61 нөмірлері бойынша (Бас прокуратураның мобильді тобы) немесе аумақтық прокуратура органдарының сайттарында көрсетілген нөмірлер бойынша тікелей хабарласуға болады.