«Астана АЭК» қате түбіртектерді қайта есептейді

Дәурен Ерболат

Төленген артық сома келесі айдың төлеміне аударылады

Фото: lada.kz

Былтыр желтоқсанда қате есептелген электр ақысы төлемін автоматты түрде қайта есептейміз. Бұл туралы «Астана-АЭК» АҚ басқарма төрағасының сату жөніндегі орынбасары Ғабидолла Қожабаев айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Компания мәліметінше, кәсіпорындар берген деректер екі түрлі болған.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС электр қуатын есептеу құралындағы көрсеткіштерді 20-25 желтоқсанда алды. Ал «Астана-АЭК» 20-30 желтоқсанда алды. Соның салдарынан 2022 жылғы желтоқсандағы төлемақы 25-30 күнтізбе күніне шығып кетті. «Астанаэнергосбыт» ЖШС кейбір тұтынушылардың есептеу құралындағы көрсеткішін шартты түрде есепке алған. «Астана-АЭК»-ке көшкеннен кейін есептеу құралындағы көрсеткіштер нақты жағдай бойынша есептелді, - деп жазылған хабарламада.

Айырмашылықтар талданып, кейін артық төленіп кеткен сома алдағы айдың төлемдеріне аударылады. Бұл мәселе бойынша «Астана АЭК» АҚ кеңсесіне (Абай көшесі, 80) баруға болады. Онда тұтынушыларға 20 маман қызмет көрсетеді.

Алайда Ғабидулла Қожабаев кеңсеге бару міндетті емес екенін атап өтті.

«Біз «Астанаэнергосбыт» кәсіпорнымен бірлесіп, әрбір шотты 2 рет тексереміз. Одан кейін «Астанаэнергосбыттың» деректер базасы негізінде үйлерді аралап, есептеу аспаптарының көрсеткіштерін түсіреміз. Ол көрсеткіштер «Астанаэнергосбыттың» бізге берген көрсеткіштерімен сәйкес келмей қалды. Ондағы көрсеткіштер аз шыққан. Іс жүзінде көрсеткіштер көп болып тұр. Сондықтан біз есепке алынбаған көрсеткіштерді қосып есептейміз», - деді төраға орынбасары.

Оның айтуынша, тұтынушыларды мазалайтын сұрақ көп.

Олар ақшаны төлеп қойса, «Астанаэнергосбыт» қайта есептеуге дайын. Біз есептеу мұрағатын негізге аламыз. Көрсеткіштерді базаға енгізіп, әріптестерімізге жібереміз. Тұтынушыларды «Астанаэнергосбыт» кеңсесіне жолдап жатқан жоқпыз. Ондағы әріптестерімізбен байланысып, мәселені осы жерде шешеміз. Қажет болса, өз базамызға да түзету енгіземіз немесе «Астанаэнергосбыт» өзінде түзету жасайды, - деді Ғабидулла Қожабаев.

Тұтынған электр қуаты дұрыс есептелгеніне көз жеткізгісі келген астаналықтар «Астана АЭК» кәсіпорнына өз дербес шотын көрсетіп, өтініш жазуға тиіс.

«Өтінішті суретке түсіріп, «Астана АЭК»-тің электронды поштасына жолдауға болады. Біз бұл өтінішті пысықтап, келесі айдың есебінде түзетеміз. Егер келесі айда түзету байқалмаса, бізге жүгіне аласыздар», - деді кәсіпорын өкілі.