Сбербанкке салынған санкциялар қазақстандық банктердің қызметіне әсер етпейді - агенттік
Қаржы нарығын реттеуге агенттігі Қазақстандағы ресейлік банктердің жұмысы бойынша мәлімдеме жасады
Геосаяси ахуалдың ушығуы және қаржы нарығындағы құбылмалы жағдай аясында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп сыртқы экономикалық тәуекелдердің қаржы нарығының тұрақтылығына әсерін әлсірету үшін жүйелік шаралар қабылдады.
Бірқатар ресейлік банктерге қатысты санкциялар енгізілгеннен кейін Mastercard және Visa халықаралық төлем жүйелері 18 және 20 наурыздан бастап ресейлік еншілес банк «Сбербанк Қазақстан» ЕБ АҚ карточкалық операцияларын өңдеуді шектейді.
Шет елдерде және басқа қазақстандық банктер желісінде Visa және Mastercard төлем жүйелерімен карточкалық операцияларды өңдеу бойынша шектеулерге қарамастан, ВТБ және Сбербанк банктерінің клиенттері банк карталарын банк ішінде аударымдарды жүзеге асыруды, банкоматтардан қолма-қол ақша алуды қоса алғанда, банктердің өз желісінде банктік карталарды шектеусіз пайдалана алады, көрсетілген банктердің POS-терминалдарында төлем жасай алады және бөлімшелерде, банкоматтар мен мобильді қосымшаларда қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың барлық түрлерін жүргізе алады. Төлем карточкаларын қолданбай басқа банктерге ақша аударуға шектеу жоқ.
«Банктер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр және салымдарға, депозиттерге қызмет көрсетуді, сондай-ақ ақша қаражатын қабылдау мен беруді қоса алғанда, өздерінің клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауда», - делінген агенттік хабарламасында.
Сондай-ақ Ресейдің еншілес банктері депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы, бұл азаматтардың қаражатының сақталуына кепілдік береді.
Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресейдің еншілес банктеріне қатысты енгізілген санкциялар мен шектеулер Қазақстан банктерінің қызметіне байланысты емес және әсер етпейді.
«Қазақстанның екінші деңгейдегі банктеріндегі ахуал тұрақты. Екінші деңгейдегі банктердің ағымдағы аптадағы жағдай бойынша шамамен 16,7 трлн теңгені немесе жалпы активтердің 43%-ын құрайтын өтімді активтерінің айтарлықтай қоры бар. Бос өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне уақтылы және толық көлемде қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді. Банктердің өтімділігі бойынша пруденциялық нормативтер реттеушінің ең төмен талаптарынан төрт еседен аса көп», - делінген.
2022 жылдың басынан бері банктердің меншікті капиталы 3,2%-ға өсті және 4,7 трлн теңгені құрап отыр. Банктердің меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті 23,3%-ды құрайды және заңнамамен белгіленген нормативтерден екі еседен астам артады.
2022 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан банктерінің клиенттері депозиттерінің 3,5%-ға өскен. Бұл ретте жеке тұлғалардың салымдарының үлесі 51,4%-ды немесе 13,9 трлн теңгені, заңды тұлғалардың салымдары 48,6%-ды немесе 13,1 трлн теңгені құрайды.
«Заңнамаға сәйкес жеке тұлғалардың депозиттеріне мемлекет тарапынан кепілдік берілген. 2022 жылғы қаңтарда халықтың депозиттеріне кепілдік берудің шекті сомалары «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігімен 20 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды», - деді агенттіктің баспасөз қызметі.