Былтыр мемлекет қаржысын толық игермеген министрліктер мен өңірлер аталды
Игерілмеген сома – 81 млрд теңге
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылғы мемлекет қаржысының игерілуі туралы есеп берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Вице-премьердің айтуынша, былтыр мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 98,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,4%-ға атқарылған.
Республикалық бюджет бойынша қаржы көлемі – 18,5 трлн. Теңгеге шығыстар жүргізілді.
Атқарылмағаны – 263 млрд теңге, оның ішінде 175 млрд теңге – Үкіметтің бөлінбеген резерві, 7 млрд теңге – үнемдеу. Бұл шығыстар Бюджет кодексіне сәйкес игерілмеген қаражат болып есептелмейді. Сондықтан шығыстарды таза игеру 99,6% болды. Игерілмегені – 81 млрд теңге, - деді министр Үкімет отырысында.
Ерұлан Жамаубаев мемлекет қаржысын игере алмай отырған министрліктерге тоқталды.
«Толық игермеу, яғни 99%-тен төменгі көрсеткіштер Сауда және интеграция, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар, Мәдениет және спорт министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы, жобалау-сметалық құжаттамаларға мемлекеттік сараптаманы ұзақ өткізу немесе оған оң қорытындының болмауы, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау», - деді вице-премьер.
2022 жылы жергілікті бюджеттердің шығыстары 10,8 трлн теңге болды. Атқарылмағаны – 407 млрд теңге.
«Өткен жылы өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлінген. Оның 97,5%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 83 млрд теңге, оның ішінде 14 млрд теңге – үнемдеу, 69 млрд теңге игерілмеген. Толық игермеген өңірлер – Жетісу, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ұлытау облыстарында», - деді министр.
Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, жұмыс (қызмет көрсету) кестесінен кешігу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.