×

Қазақстанда баспана бағасы шарықтай түседі - сарапшылар

Қазақстандықтар емделу немесе үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін әлі де ала алады

 Еркеғали Болатұлы 09.01.2023 | 11:45
фото: dev.bi-group.org

Қазақстандық сарапшылар артық зейнетақы жинақтарының алынуы енді жылжымайтын мүлік нарығына әсер етпейтінін айтады. Олар баспаналардың бағасы тұрақты өсіп отыратынын алға тартты. Айтуларынша, қазақстандықтарға тұрғын үй алу қиындамақ, деп хабарлады 31 арна.

Қазақстандықтар емделу немесе үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін әлі де ала алады. Бірақ 2021 жылы осы мақсаттарға БЖЗҚ-дан шамамен 2 триллион 460 миллиард теңге шығарылған болса, өткен жылы бұл сома 3,5 есе аз – 710 миллиард теңге болған.

Сонымен қатар, егер бірінші тоқсанда БЖЗҚ 569 мыңнан сәл асатын өтінішті орындаса, келесі 9 айда 46 мыңға жуық қазақстандық зейнетақы жинақтарын алып тастаған.

Ескі бағдарламаны қайтарған дұрыс деп ойлаймын. Сонда бұрынғы шекті межеден халық та, экономика да ұтады. Осы қаражат есебінен нарық жанданып, «Отбасы банкі» салымшыларды көбірек алып, құрылыс компанияларына осы салымшылар арқылы көбірек инвестиция құйылады да біршама жұмыс орындары ашылар еді, - деді экономист Арман Байғанов.

Базалық мөлшерлеменің көтерілуі жылжымайтын мүлік нарығына да айтарлықтай әсер етеді. Құрылыс компаниялары қарапайым халық сияқты екінші деңгейлі банктерден несие алады. Бұл тұрғыда инфляция да маңызды рөл атқарып жатыр. Мәселен, құрылыс материалдары мен жұмыс күші қымбаттаған. Сарапшылардың айтуынша, сол себепті жылжымайтын мүлік бағасы да біртіндеп көтеріледі.

Жаңадан салынған баспаналар қалай қымбаттаса, қайталама нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы да солай өспек. Алайда бұрынғыдай тез мөлшерде емес, айына 1,5-2 пайыз көтеріліп, жылына 10-15 пайызға дейін жетеді.

Сарапшылар соңғы бірнеше жылда елде баспана сатып алу сұранысының бірнеше есе төмендегенін алға тартты. Бұған себеп, адамдардың тапқан табысы күнделікті тұрмысқа жұмсалады, тіпті жетпей жатады. Енді қазақстандықтар бірінші кезекте өзін және отбасын асырауды, содан кейін ғана жылжымайтын мүлік сатып алу мәселесін ойламақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама