Айыпталушы сот үкімі жарияланған соң бірден қамауға алынды
Экономикалық тергеу департаменті «АқтөбеЭлектросетьстрой» ЖШС-нің директоры Болат Күшкеновті 2015-2017 жылдар аралығында 1 миллиард 491 миллион теңге салық төлемегені үшін айыптады, деп хабарлады «Диапазон» басылымы.
Сотқа жолданған іс деректеріне сәйкес, жауапкер кірістер мен шығыстар туралы декларацияға бұрмаланған мәліметтерді енгізген және шот-фактураларды нақты жұмыс орындамай пайдаланған.
Сотталушының өзі кінәсін мойындамаған. Ол мемлекеттік сатып алумен жұмыс істегенін, қосалқы мердігерлердің қызметіне жүгінгенін, жалған шот-фактураларды пайдаланбағанын алға тартқан. Сондай-ақ барлық жұмыстарды жүргізіп, тауарларды жеткізгенін, кейін олар пайдалануға берілген нысандардың құрылысында қолданылғанын айтып отыр.
Алайда сот ақтау дәлелдеріне сенбей, айыпталушыны салық төлеуден жалтарған деп таныды. Судья Болат Күшкеновті 4 жылға бас бостандығынан айырды. Айыпталушы сот үкімі жарияланған соң бірден қамауға алынды. Сондай-ақ сот оны мемлекетке 1 миллиард 491 миллион теңге шығынды өндіруге міндеттеді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.