×

Қымбат билет пен қосымша салық: сарапшы авиация туралы заңды түсіндірді

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ басшылығы 2021 жылы 315 млн теңгеге жуық сыйақы алды

 Айнұр Шошаева 04.01.2023 | 11:52
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда әуе билеті қымбаттауы мүмкін және оған себеп инфляция емес, Авиациялық әкімшілік енгізетін салық себеп болуы мүмкін. Авиация сарапшысы Серік Мықтыбаев салада қабылданған жаңа заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni
 
Жақында ел президенті ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңына қол қойды. Құжатта ұлттық заңнамаға Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасының және азаматтық авиация саласындағы өзге де халықаралық ұйымдардың талаптарының, оның ішінде Еуропалық Одақтың озық авиациялық талаптарының имплементациясы белгіленетіні айтылған. 

Авиация сарапшысы Серік Мұхтыбаевтың айтуынша, аталған заңға азаматтық авиация саласындағы төлемдер – «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ (ҚАӘ) көрсететін қызметтер үшін жеке және заңды тұлғалардың төлемі, сондай-ақ оның ҚАӘ бюджетіне ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тұрақты қадағалауды жүзеге асырғаны үшін заңды тұлғалардың міндетті аударымдары» ұғымы енгізіліп отыр. 

«ААК-ның азаматтық авиация саласындағы төлемдерді алу қағидаларын, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның ақылы қызметтерінің тізбесін және азаматтық авиация саласындағы төлем ставкаларын; монополияға қарсы органмен келісім бойынша инфрақұрылымдық алымдарды есептеу әдістемесін бекітуге құқығы бар. Бұдан басқа, азаматтық авиация саласындағы сертификаттау үшін төлемдер азаматтық авиация саласындағы төлемдерді алу қағидаларында, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның ақылы қызметтерінің тізбесінде және азаматтық авиация саласындағы төлем ставкаларында айқындалған тәртіппен және мөлшерде төленеді. Яғни бұл төлемдердің бәрі енді бұрынғыдай мемлекеттің бюджетіне емес, ҚАӘ бюджетіне төленеді», – деді ол. 

Бұған қоса, ол заңда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметін қаржыландыру мен шығындарды өтеу төлемдердің есебінен жүзеге асырылатыны айқындалғанын атап өтті. 

Яғни, бұл барлық азаматтық авиация ұйымдары үшін төлем мөлшерін дербес анықтайтын, барлық шығындарын өтеуге жеткілікті тұжырымдамасы бар ұйымды ұстауға қосымша салық пайда болады дегенді білдіреді. Бұл кәсіпорындар онсыз да мемлекет бюджетіне міндетті салықтарды төлеумен қатар, құрылымы, бюджеті және басқа да мәліметтері халыққа құпия болып отырған ҚАӘ-нің аппаратын қаржыландыруы керек, – деп қосты Мұхтыбаев. 

Сонымен қатар, сарапшы аталған квазикомпанияның аудиторлық есептерінен мысал кетірді. Мәселен, 2019 жылы компанияның бас директоры мен екі орынбасарына 51,7 млн теңге сыйақы тағайындалған. 2020 жылы негізгі бес порсоналға (бас директоры мен орынбасарларына) 314,1 млн теңге сыйақы төленген. Ал 2021 жылы бес адамға белгіленген сыйақы мөлшері 314,7 млн теңгені құрады. 

Сондықтан біз келесі жылы авиабилеттер құнының өскенін көруіміз мүмкін. Әрі бұл инфляциямен, отынның қымбаттауы сияқты басқа себептермен емес,  Қазақстанның авиациялық әкімшілігін ұстауға жұмсалатын шығындармен байланысты болады, – деп толықтырды ол. 

Бұдан бөлек, ол заңда әуе қара тізімдегі жолаушылар ұғымын қатысты пікір білдірді. 

«Авиакомпаниялардың «қара тізімі» ұғымы деп аталады. Енді авиакомпания азаматты осындай тізімге енгізсе, билетті сатудан және тасымалдаудан бас тарта алады. Мұндай шешімді авиакомпания басшысы әкімшілік жаза қолдану туралы заңды күшіне енген қаулы, құқық бұзушылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі негізінде қабылдайды. Алайда еліміздің Конституциясы азаматтарға ел аумағында еркін қатынау құқығын беріп отыр. Ал бұл заңға сәйкес, борттағы барлық жолаушылар борсеріктердің бақылауына болады. Яғни, олар не айтса сол болады деген сөз», – деп қорытындылады Серік Мұхтыбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама