2023 жылы Қазақстанда қай жолдардың құрылысы аяқталады

Бауыржан Мұқанов

Қазір ұзындығы 4 мың болатын 17 жол құрылысы жүріп жатыр

Фото: Halyq Uni

2022 жылы Қазақстанда әлеуметтік және қоғамдық-саяси өзгерістерге толы болды. Экономикада ірі инфрақұрылымдық жобалап қолға алынбағанымен, бұрын басталған жобалардың кейбірі аяқталса, кейбірі 2023 жылы пайдалануға берілмек. Осы орайда, Halyq Uni 2023 жылы қандай ірі инфрақұрылымдық жобалардың аяқталатынын тізіп көрді. 

2029 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 1,6 МЫҢ ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ АУЫСАДЫ

Бүгінгі таңда тұрғын үй құрылысында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу бойынша 375 жоба іске асырылуда. 2029 жылға дейін азаматтарға жеке құрылыс үшін бөлінетін 47 мың жер учаскесін коммуникациялармен жабдықтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, 2023 жылы қала тұрғындарының 98,7% және ауыл тұрғындарының 96% сумен қамту жоспарлануда. 2025 жылға қарай барлық елді мекендер сумен қамтамасыз етіледі.

2029 жылдың соңына дейін жылумен және сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозу көрсеткішін 75%-дан астам тозған 1,6 мың жылу желілерін ауыстыру жөніндегі жобаларды іске асыру арқылы 53%-дан 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

АТЫРАУ-АСТРАХАНЬ ЖӘНЕ ЖЕЗҚАЗҒАН-ҚАРАҒАНДЫ ЖОЛДАРЫ АЯҚТАЛАДЫ

Қазіргі уақытта жалпы қашықтығы 4 мың шақырымды құрайтын құрылыс және реконструкциялау бойынша 17 жоба жүзеге асырылуда.

  • Талдықорган – Өскемен – 768 км;
  • Қарағанды – Балқаш – 363 км;
  • Балхаш – Бұрылбайтал – 247 км;
  • Бұрылбайтал – Кұрты – Қонаев – 295 км;
  • Ұзынагаш – Отар – 42 км;
  • Мерке – Бұрылбайтал – 144 км;
  • Ақтөбе – Қандыағаш – Мағат – 269 км;
  • Атырау – РФ шекарасы  –  269 км;
  • Қалбатау – Майқапшағай – 415 км;
  • Үшарал – Достық – 64 км;
  • Қостанай – Денисовка – 19 км;
  • Қызылорда – Жезқазган – 427 км;
  • Петропавловск – РФ шекарасы  – 30 км;
  • Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы – 72 км;
  • ҮАААЖ – 66 км.

Келесі жылы жалпы қашықтығы 3 мыңнан астам жолда құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған, оның ішінде:

  • Қостанай – Денисовка;
  • Үшарал – Достық;
  • Талдықорған – Өскемен;
  • Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат;
  • Атырау – Астрахань;
  • Петропавл – Ресей Федерациясы Қорғанға;
  • Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы;
  • Астана – Алматы дәлізінің учаскелері.

2023 жылы негізгі жұмыстар бұл реконструкция жұмыстарымен қамтылған жобаларды аяқтауға бағытталған.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Орал және Жезқазған – Қарағанды жолдарын реконструкциялау бойынша жобалық-смета құжаттамаларын (ЖСҚ) әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес 2023 жылы ЖСҚ әзірлеу аяқталғаннан кейін жылдың сонына дейін құрылыс жұмыстарын жүргізуге мердігер ұйымды анықтау рәсімдері жүргізіледі.

1 ШАҚЫРЫМ ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ НЕШЕ ТЕҢГЕ?

1 млрд теңгеге дейін болады. Мәселен, II санат үшін орташа құны 600-ден 800 млн теңгеге дейін болса, I санатты жолды салу үшін 800-ден 1 млрд теңгеге дейін қаражат қажет. Әрбір жобаның түпкілікті құны әзірленген жоба-сметалық құжаттамамен ескеріле отырып белгіленеді. Онда жіті есептеу жүргізіледі және қорытынды құны қабылданған жобалық шешімдерге, қолданылатын материалдарға, климаттық жағдайға, жолдың географиялық орналасуына, батпақты жерлерге, таулы жерлерге байланысты болады.

Мысалы, ұзындығы 10 шақырым болатын теп-тегіс бір учаскенің құны бір бөлек, тағы 10 шақырымдық учаске тауға баратын жол делік. Әлбетте, ұзындығы бірдей болғанымен, құны әртүрлі. Сондықтан түпкілікті құны смета шеңберінде ЖСҚ қорытындылары бойынша әзірленеді.

Бүгінгі таңда «Атырау-Ақтөбе-Астрахань», «Талдықорған-Өскемен», «Қарағанды-Балқаш», «Балқаш-Бурылбайтал» сияқты ірі автожол жобалары іске асырылуда. Олар халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Ал «Үшарал-Достық», «Шамалған станциясының айналма жолы», «Қостанай-Қарабұтақ», «Петропавл-РФ шекарасы-Қорған» сияқты шағын жобалар республикалық бюджет есебінен іске асырылуда.