Автогаздың бағасын мемлекеттік реттеу шаралары тағы ұзартылды
Қазір оның бөлшек саудасы – литрі үшін 50-75 теңге аралығында
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған газдың бағасын мемлекеттік реттеу шаралары тағы жарты жылға ұзартылғанын мәлімдеді.
29 желтоқсанда күшіне енген бұйрыққа сәйкес, 2023 жылдың 30 маусымына дейін автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге баға жағынан уақытша мемлекеттік реттеу ұзартылады.
Бұған дейін шекті бағалардың мерзімі 1 қаңтарға дейін болған. Мемлекеттік реттеу аясында республикадағы автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газының бөлшек саудасы – литрі үшін 50-75 теңге аралығында.
Шекті баға әр өңірде әртүрлі:
Астанада – литріне 70 теңге;
Алматыда – литріне 65 теңге;
Ақтөбе, Атырау мен Маңғыстау облыстарында – литріне 50-55 теңге;
Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу мен Ұлытау облыстарында – литріне 70-75 теңге;
Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарында – литріне 60-65 теңге.