Halyq Uni логотип
×

Биыл қант қызылшасы егістігі күрт азайып кетті. 2023 жылы қант тапшылығы қайталана ма

Қазақстан жылына 130 тоннадан астам қантты шетелге сатады

 Бауыржан Мұқанов 30.12.2022 | 09:48
Биыл қант қызылшасы егістігі күрт азайып кетті. 2023 жылы қант тапшылығы қайталана ма
Фото: Halyq Uni

2022 жыл азық-түліктің соңғы жылдары болмаған деңгейде қымбаттауымен есте қалды. Соның ішінде қант бағасы өсіп қана қоймай, кей уақыттары тіпті дүкен сөрелерінен жоғалып кетті. Осы орайда, Halyq Uni биыл тапшылыққа не себеп болғаны, 2023 жылы оның қаншалықты қайталануы мүмкін екенін анықтап көрді. 

2022 ЖЫЛЫ ЕГІСТІК КҮРТ АЗАЙЫП КЕТКЕН

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің  Ұлттық статистика бюросының статистикалық мәліметіне сәйкес, 2021 жылы қант қызылшасының нақтыланған егіс көлемі 14,5 мың гектарды құрады. Гектарына 275,5 центнер түсімділікпен 332,1 мың тонна қант қызылшасы жиналды

Ал 2022 жылы қант қызылшасының егіс көлемі 11,6 мың гектарды құраған, яғни былтыр егістік көлемі 20 пайыз азайып кеткен екен.

2023 ЖЫЛЫ ЕГІСТІК КӨЛЕМІН КӨБЕЙТПЕК

Келесі жылы қанша гектарға егістік салынады дегенге келек, Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының ұсынған мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылы қант қызылшасын 18,3 мың гектарға егу жоспарланған. Яғни, егістік 37 пайызға көбеймек.

Оның ішінде Алматы облысы бойынша 0,2 мың гектарға орналастыру межеленсе, Жамбыл облысында – 10,0 мың гектарға, Жетісу облысында – 8,1 мың гектарға орналастыру жоспарлануда.

ШЕТЕЛДЕН ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН САТЫП АЛЫП, ДАЙЫН ҚАНТ САТАДЫ

Өзімізде еккеннен бөлек қант қызылшасын шетелден де импорттайтынымыз анық. 2022 жылдың 10 айында қант қызылшасының импорты 21,4 тоннаны құрады. Оның ішінде Германиядан 12,1 тонна импортталса, Турциядан – 3,0 тонна, Франциядан – 4,4 тонна, Ресейден – 1,0 тонна, Италиядан 0,1 тонна импортталған.

Ал өзімізде шыққан қызылша шетелге мүлде сатылмайды.

Қант қызылшасынан бөлек Қазақстан дайын қантты да шетелден сатып алады. 2022 жылдың 10 айында қанттың импорты 204,2 мың тоннаны құрады. 

Қант импорты негізінен Ресейден – 87,1 мың тонна, Үндістаннан – 60,2 мың тонна, Әзірбайжаннан – 12,4 мың тонна, Белоруссиядан – 11,9 мың тонна, Араб мемлекетінен – 7,4 мың тонна, Қытайдан – 7,2 мың тонна, Тайландтан – 6,9 мың тонна, Вьетнамнан – 5,2 мың тонна, Қырғызстаннан – 2,7 мың тонна, Сауд Арабиясынан – 1,0 тонна және басқа мемлекеттерден 2,2 мың тонна көлемінде қант импортталды.

Ал экспорт 2022 жылдың 10 айында 131,6 тоннаны құрады. Оның ішінде Қырғызстанға 48,5 тонна, Ресейге 9,9 тонна және басқа мемлекеттерге 73,2 тонна қант экспортталған.

ҚЫЗЫЛШАНЫ БРАЗИЛИЯДАН, ДАЙЫН ҚАНТТЫ РЕСЕЙДЕН ИМПОРТТАП ОТЫР

2023 жылы отандық қант зауыттары 450 мың тоннаға жуық қант өндіруді жоспарлауда, оның ішінде 50-55 мың тоннасы қант қызылшасынан, қалғаны 400 мың тонна көлемінде шикі құрақ қантын үшінші елдерден тасымалдау арқылы өңдеуді көздейді.

Айта кететін жәйт 2022 жылдың 10 айында 243,8 мын тонна қант құрағы импортталды. Оның ішінде Бразилиядан 230,6 мың тонна импортталса, Мексикадан – 12,9 мың тонна, Пакистаннан – 153,5 тонна, Ресейден – 145,8 тонна, Корей Республикасынан – 1,2 тонна импортталды.

Дайын қант, негізінен, Ресей Федерациясынан тасымалданатын болады деп болжануда.

Еуразиялық экономикалық Комиссия тарапынан 2023 жылға қантты үшінші елдерден баж салықсыз импорттауға келісім берілген жағдайда 50 мың тоннадай қант үшінші елдерден тасымалдануы мүмкін.

ЗАУЫТТАР ҚАНТ ЖАСАУДЫ КӨБЕЙТПЕК

Айта кететін жәйт 2022 жылғы 22 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 726 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында қант саласын дамыту жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарда қолданыстағы қант зауыттарын жаңғырту арқылы өндірістік қуаттарын ұлғайту шаралары қарастырылған.

Қазіргі таңда қолданыстағы қант қызылшасын өңдейтін қант зауыттарының тәуліктік өндірістік қуаттылығы 8,7 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде Мерке қант зауытының қуаттылығы 3,0 мың тоннаны құраса, Көксу қант зауыты бойынша ол көрсеткіш 2,2 мың тоннаны, Ақсу қант зауыты бойынша 3,5 мың тоннаны құрап отыр.

Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес 2023-2024 жылдары 7,8 млрд теңгеге Меркі қант зауытының өндірістік қуаттылығын арттыру мақсатында технологиялық жабдықтарды жаңғырту және өндірістік процесстерді автоматтандыру жұмыстарын жүзеге асыру шаралары жоспарлануда. Нәтижесінде зауыттың өндістік қуатын тәулігіне 3,0 мың тоннадан 3,5 мың тоннаға дейін ұлғайтуға қол жеткізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама