×

«Банкрот адам мүлкін сатып, жалақы алып, елден де шыға алады». Депутат Ирина Смирнова жаңа заң туралы айтты

Депутаттың сөзінше, заңды кешіктіріп, соза бергісі келгендер болған

 Ербол Тұрымбет 30.12.2022 | 09:35
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда экономикалық белсенді 9 миллионнан астам халық болса, соның 8 млн-ға жуығының басында несиесі бар. Әсіресе, Түркістан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының халқы несиені көп алған. Жыл басынан бері жеке тұлғалардың несиесі 24,6%-ға өсіп, қаржы ұйымдарының алдындағы қарызы 13,4 трлн теңгеге жеткен. Ал оны өсіріп отырған негізінен ипотекалық нисиелендіру, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың ұлғаюы. Бұл мәліметтерді бүгін Сенат депутаты Бақытжан Баяхметов «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңын қабылдау барысында айтты. Ал жаңадан қабылданып жатқан заң халықты несие қамытынан құтқара ала ма? Немесе елге қандай жеңілдік береді?

Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнованың айтуынша, бұл Парламентке он шақты рет кіріп-шыққан, сонша ұзақ күткен заң болды. Үкімет қорқасоқтап сонша рет қайтарып алған еді. Өйткені, банктердің бәрі кімге тиесілі екені баршаға белгілі. Олар несие алған адамның бәрін құлдықта ұстап отырғысы келді.

Ал бүгінгі заңға келсек, ол жұртқа қайта бейімделіп, банктердің қысымынан арылып, бәрін қайта бастауына мүмкіндік береді. Әйтпесе, бұған дейін банктер несие алушыны серіктес емес, толығымен тәуелді адам ретінде қарады. Ал несиенің өзі үлкен пайызбен, онда да қатаң шартпен беріліп келді. Оны банк өзі өзгертпесе, несие алған адам өзгерте алмайтын, – дейді депутат.

Оның сөзінше, осы заңның арқасында енді қарыз алушы несиесін төлей алмай қалса да оның елден шығуына болады. Оған ешқандай банк шектеу қоя алмайды. Жалақы алып, карта қолдана алады. Ал осыдан 2-3 жыл бұрын банк несиесін төлей алмай қалған адамның бүкіл жалақысын қағып алатын.

Шын мәнінде, несиесін төлей алмай қалған адамдардың жағдайы бұрын қиын еді. Осыған шыдай алмағандар өліп те кетті. Болмаса, ауырып, мүгедек болып қалды. Бір адамның осындай күйге түсуі бүкіл бір отбасының басындағы қайғы деген сөз. Сондықтан осы заңның тезірек қабылдануына күш салған президентке рахмет. Тіпті, осы заңды әлі де кешіктіріп, соза бергісі келген әрекеттер де болды. Президент соны сезіп қойған сияқты. Жуырда президент 2023 жылдың қаңтарынан бастап бұл заң жұмыс істей бастауы керек дегені сол қулыққа салғысы келгендерде ауыр соққы болды, – дейді ол.  

Депутаттың сөзінше, осы заңның арқасында біраз адам несиесінен құтылады. Қалай болса солай несие беретін микронесие ұйымдарына өте үлкен талаптар қойылады, олар енді микронесиені үлкен пайызбен бере алмайды. Төлей алмайтын адамға несие бермейді.

Коллекторлық ұйымдарға да қатаң талаптар қойылады. Ал банкке қарызын төлей алмай қалғандар мүлкін өзі сата алады. Яғни, банкпен арадағы қарым-қатынаста адамның құқы біраз өсе түседі.

Мысалы, банк алдында берешегін өтей алмай қалған адам неге мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмауы керек? Неге мемлекеттік грант алудан қалыс қалуы керек? Сондағысы, бар болғаны жекеменшік заңды тұлғамен араздасып жатыр.

Оның сөзінше, заңның әлі де жетілдіретін тұстары бар. Онда да кез келген заңға өзгерістер мен толықтырулар тек халыққа пайдалы болатын жағдайда ғана енгізілетінін айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама