Егістік күрт азайып кеткен: 2023 жылы күріш тағы қымбаттай ма

Бауыржан Мұқанов

Екі айда күріштің келісі 325 теңгеден 450 теңгеге жетті

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда өндірілетін күріштің 86 пайызы Қызылорда облысына тиесілі. Қалғаны Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарында өндіріледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазақстанның қант, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының мәліметінше, 2022 жылдың қазан-қараша айларында күріштің көтерме бағасы 325 теңгеден 450 теңгеге бір-ақ қымбаттаса, бөлек саудадағы бағасы 600 теңгеге жеткен. Қазақстанда өндірілетін күріштің 20 пайызы ішкі сұранысты жауып, қалғаны экспортқа кететінін ескерсек, бағаның бұлай қымбаттауы қисынсыз. 

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылы күріш дақылының жалпы жинау алаңы 96,4 мың.гектарды құрады. Орташа түсімділік гектарына 52,1 центнер көлемінде 503,8 тыс. тонна күріш жиналды.

Ал 2022 жылдың 10 айында елге 8,8 мың тонна күріш импортталған. 

Соның ішінде Ресейден – 3,6 мың тонна, Үндістаннан – 3,3 мың тонна, Пәкістаннан – 1,7 мың тонна және басқа мемлекеттер – 0,2 мың тонна сатып алынды, деп жауап берді Ауыл шаруашылығы министрлігі редакцияның ресми сауалына. 

Экспортқа келер болсақ, 2022 жылдың 10 айында күріш экспорты 93,5 мың тоннаны құрады.

Атап айтқанда, Ресейге – 45,7 мың тонна, Тәжікстанға – 17,2 мың тонна, Түркіменстанға – 8,4 мың тонна, Украинаға – 7,0 мың тонна, Әзірбайжанға – 5,8 мың тонна және басқа мемлекеттерге – 9,4 мың тонна сатылды.

2023 ЖЫЛЫ КҮРІШ ЕГІСТІГІ АЗАЯДЫ

Облыс әкімдіктерінің ақпараты бойынша, 2023 жылы күріштің жалпы болжалды егіс көлемі 94,2 мың гектарды құрайды.

Ал 2022 жылы күріштің жалпы егіс көлемі 87,9 мың гектар көлемінде болған. 

Жергілікті органдардың жедел ақпаратына сәйкес, күрішті жалпы жинау 87,9 мың гектардан орташа түсімділігі гектарына 55,4 центнер болған кезде 486,9 мың тоннаны құрайды.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қолда бар күріштің көлемі 223,3 мың тоннаны құрайды, оның ішінде азық-түліктік мақсаттағы – 204,3 мың тонна, тұқымдық мақсаттағы – 18,9 мың тоннаны құрайды.

Бұл ретте 2021 жылы 210,7 мың тонна күріш өндірілді, 120,0 мың тонна экспортталды және 5,3 мың тонна импортталды сондай-ақ ішкі тұтыну 95,9 мың тоннаны құрады.

Болжамды көлемде ішкі тұтынуды ескере отырып, жыл сайынғы күрішті жинаудың орташа көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге және белгілі бір көлемді экспортқа жөнелту үшін жеткілікті.