×

Отандық зауыттар күнбағыс майын артығымен өндіргенімен, бәрібір Ресейден импорттап отырмыз

2023 жылы күнбағыс майы қымбаттай ма

 Бауыржан Мұқанов 29.12.2022 | 15:31
Фото: agro-market24.eu

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы күнбағыс дақылының егіс көлемі 958,5 мың гектарды құрады, деп хабарлайды Halyq Uni. Ал тазаланғаннан кейінгі салмақтағы күнбағыс тұқымдарын жалпы жинау көлемі 1031,7 мың тоннаны құрады.

Бюроның мәліметінше, 2022 жылдың 10 айында күнбағыс тұқымының импорты 190,8 мың тоннаны құрады. 

Күнбағыс тұқымының импорты негізінен Ресейден – 187,6 мың тонна, Түркиядан – 1,5 мың тонна және басқада мемлекеттер – 1,7 мың тонна жүзеге асырылды, деп жауап берді Ауыл шаруашылығы министрлігі редакцияның ресми сауалына.

Ал осы уақыттағы күнбағыс майының импорты 88,75 мың тоннаны құрады. Күнбағыс майының импорты негізінен Ресейден – 88,72 мың тонна және басқада мемлекеттер – 0,03 мың тонна жүзеге асырылды.

ЖИНАЛҒАН КҮНБАҒЫС ТҰҚЫМЫНЫҢ 22 ПАЙЫЗЫ ШЕТЕЛГЕ САТЫЛДЫ

2022 жылдың 10 айында күнбағыс тұқымының экспорты 223,4 мың тоннаны құрады. 

Күнбағыс тұқымының экспорты негізінен Қытайға – 128,7 мың тонна, Өзбекстанға – 80,8 мың тонна, Түркияға – 6,1 мың тонна және басқада мемлекеттер – 7,8 мың тонна жүзеге асырылды.

Ал күнбағыс майының экспорты 201,6 мың тоннаны құрады. Күнбағыс экспорты негізінен Өзбекстанға – 71,2 мың тонна, Қытайға – 63,3 мың тонна, Тәжікстанға – 28,4 мың тонна және басқада мемлекеттер – 38,7 мың тонна жүзеге асырылды.

ЕГІСТІК КӨЛЕМІ АЗАЙҒАНЫМЕН, ӨНДІРІС КӨБЕЙМЕК

Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2022 жылы күнбағыс дақылының егіс көлемі 1090,7 мың гектарды құрады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының жедел ақпаратына сәйкес, 2022 жылы күнбағыс дақылынан 1196,8 мың тонна өнім жиналды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы күнбағыс дақылын 1076,1 мың гектар көлемге орналастыру межеленіп отыр.

«Май-тоңмай өнімдерін өндіру жөніндегі кәсіпорынды салу және (немесе) кеңейту» жобасының төлқұжатына сәйкес, тәулігіне 200 тоннадан және одан жоғары майлы дақылдарды қайта өңдей алатын инвесторлардың шығындарының бір бөлігі өтеледі. 

Айта кету керек, егіс алқаптарын әртараптандыру саясаты 2021 жылы майлы дақылдар алқабын 3,1 млн гектарға дейін кеңейтуге мүмкіндік берді, бұл ретте май тұқымдарының жалпы жиналымы 2,4 млн тоннаны құрады.

Қазіргі уақытта республикада жалпы өндірістік қуаты жылына 3,3 млн тоннадан астам шикізатты (тиеу – 30%) құрайтын май тұқымын қайта өңдейтін 66 кәсіпорын жұмыс істейді.

ІШКІ СҰРАНЫСТЫ ТОЛЫҚ ҚАНАҒАТТАНДЫРА АЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының деректері бойынша қаңтар-қараша кезеңінде күнбағыс майын өндіру көлемі 389,9 мың тоннаны құрайды.

201,6 мың тонна экспортталды, 88,75 мың тонна күнбағыс майы импортталды.

Ішкі тұтыну 277,1 мың тоннаны құрады, қамтамасыз ету 140,7%.

Еліміз бойынша 2022 жылы жаңа 3 зауыт іске қосылды. Өз кезегінде 2023 жылы да күнбағыс майымен халық толық қанды қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама