Салық органдары шымкенттік 250-ге жуық кәсіпкерге заңсыз айыппұл салған

Еркеғали Болатұлы

20 миллион теңге төлеуге міндеттелген кәсіпкер сот арқылы өз әрекетінің дұрыстығын дәлелдеп шықты

фото: ашық дереккөз

Шымкенттегі салық мекемесі 250-ге жуық кәсіпкерді 1 мың АЕК-тен аспайтын келісімшарттарды көп жасағаны үшін айыптаған. Осыны негізге ала отырып, оларды жасаған төлемдерді біріктіріп, мәміле сомасының 5 пайызы көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген.

Мәселен, мегаполистегі құрылыспен айналысатын компанияның бірі 400 миллион теңгеге әртүрлі зат сатып алған. Ол үшін тауар жеткізуші 16 мекемемен 178 келісімшарт жасасыпты. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мұны кәсіпкердің салықтан жалтару үшін жасаған қулығы деп санайды. Сондықтан 1 500-ге тарта кәсіпкердің әрекетін саңсыз деп шешкен. Оның 242-сі айыппұл арқалады.

Алайда 20 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелген кәсіпкер сот арқылы өз әрекетінің дұрыстығын дәлелдеп шықты.

Жағдай күн сайын шиеленісті. Құқықтарды қорғау шеңберінде палатаның бизнес омбудсмені, кәсіпкерлердің құқықтары жөніндегі уәкіл Рустам Жұрсыновқа орталық шеңберде көмек көрсету туралы хат жолданған болатын. Сонымен қатар, барлық келіп түскен арыздар қала прокуратурасына жолданған, - деді қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бөлімінің басшысы Майя Исаева.