2022 жылы ауыл шаруашылығы қалай дамыды
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есе артты
11 айда ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 8,5%-ға ұлғайды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласы ең жоғары өсу қарқынын көрсетті: жалпы өнім көлемі 8,5%-ға ұлғайып, 8,8 трлн теңгені құрады, - делінген Үкіметтің 2022 жылғы даму қорытындылары туралы ақпаратында.
Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есеге – 110 млрд теңгеден 220 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
«Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне тағы 40 млрд теңге бағытталды.
Бұл фермерлер үшін ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік берді: 1 068 бірлік техника, оның ішінде 188 комбайн мен 880 трактор сатып алынды, - делінген ақпаратта.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде, дәнді дақылдардың кейінгі 10 жылда болмаған ең жоғары өнімі алынды.
Мәселен, астықтың орташа өнімділігі 14,2 ц/га болып, бункерлік салмақта 22,8 млн тонна астық бастырылды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. Жиналған астықтың 80%-дан астамының сапасы жоғары.
Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, фермерлік қоғамдастықтың пікірін барынша ескеруге және ауылдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін субсидиялау жүйесі әзірленді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2022 жылы 214 млрд теңгені құрайтын 227 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, - деп хабарлады Үкімет.
Жыл соңына дейін олардың санын 237-ге жеткізу жоспарланған.
Мемлекет меншігіне 5,2 млн га ауыл шаруашылығы жері қайтарылды, 2023 жылы тағы 5 млн га қайтару көзделген. Сондай-ақ көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар одан әрі іске асырылды, оның шеңберінде 2021-2022 жылдары қуаты 201,1 мың тонна болатын қоймалар іске қосылды (бұл – жоспардың 111%-ы).
Айта кетейік, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2024 жылға дейінгі жоспары және қант саласын дамытудың бес жылдық кезеңге арналған кешенді жоспары қабылданды. Ол негізгі азық-түлік тауарларымен өзін-өзі толық қамтамасыз ету жөніндегі индикаторға қол жеткізу үшін жасалды.
Нәтижесінде республикада азық-түлік өндірісі 4,2%-ға, оның ішінде өсімдік майы 51%-ға, қант 46%-ға, жарма 18%-ға, балық (жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған) 18%-ға, ұн 11%-ға, өңделген күріш 5,5%-ға, шұжық өнімдері 5,4%-ға, макарон 4,5%-ға өсті.