Экономика министрі азық-түлікке қанша жұмсайтынын айтты
Ведомство басшысы да қымбатшылықты сезінгенін жасырмады
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров желтоқсан айында азық-түлікке қанша теңге жұмсағанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Журналистер Сенаттың жалпы отырысынан шыққан министрден соңғы айда азық-түлікке қанша қаражат жұмсағанын сұрады.
Баға белгілі бір деңгейде өсті. Оның ішінде сіздер сұраған мандарин де бар. Қанша дегенмен, маусым әсерін тигізіп отыр. Баға 10%-ға көтерілген шығар. Бір айда азық-түлікке 250 теңге жұмсаймын. Желтоқсанда (азық-түлік шығыны – авт.) 25-30 мың теңгеге артты, - деді Әлібек Қуантыров.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары азық-түлікке айына шамамен 150-200 мың теңге көлемінде қаражат жұмсайтынын айтқан еді.
24 желтоқсанда премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу (ӘМАТ) мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиевтің айтуынша, жыл басынан бері ӘМАТ 22,3%-ға, аптаның қорытындысы бойынша 0,2%-ға өскен. Атап айтқанда, пияз бағасы 1,7%-ға, қырыққабат – 0,9%-ға, күріш – 0,8%-ға, сүзбе – 0,7%-ға, жұмыртқа мен сүт – 0,5%-ға қымбаттады.