Halyq Uni логотип
×

«Күнбағыс экспортына ешқандай шектеулер жоқ» - АШМ мәлімдемесі

Өнімді зауыттан босату бағасы - литріне 750 теңге

 Динара Амантай 19.12.2022 | 17:39
«Күнбағыс экспортына ешқандай шектеулер жоқ» - АШМ мәлімдемесі
Фото: Halyq Uni

БАҚ-та жарияланған Қазақстан егіншілер Одағының өтінішіне қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір күнбағыс экспортына ешқандай шектеулер жоқ екендігін мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 2021 жылғы қыркүйек-2022 жылғы маусым және 2022 жылғы шілде-қыркүйек кезеңдерінде қолданыста болған квоталар аяқталды. Бұл ретте квоталардың мөлшері (барлығы 155 мың тонна) күнбағыс өндірісі мен тұтыну теңгерімі негізінде белгіленді. Күнбағыстың негізгі көлемі егін жинағаннан кейін, желтоқсаннан қаңтарға дейін экспортталғаны ескерілді. Алдыңғы жылдардағы квоталардың ең үлкен көлемі дәл осы айларда белгіленді. 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте квоталардың қолданылу кезеңінде күнбағыс тұқымдарының экспорты барлығы 133,9 мың тоннаны, ал 2021 жылғы ұқсас кезеңде квоталардың қолдануынсыз 113,3 мың тоннаны құрады.

Осылайша, квоталарды енгізу экспорттаушыларға күнбағыс көлемін өткен жылдар көлемінен аспайтын деңгейде әкетуге мүмкіндік берді. Ал мемлекетке күнбағыс тұқымына деген сұраныс пен әлемдік бағаның жоғары болуына байланысты, күнбағыс майы мен құс жеміне арналған жем-шөп және күнбағыс күнжарасы түріндегі (күнбағыс өңдеу кезіндегі қайталама өнім) өндірістің ішкі нарығында отандық шикізатсыз қалатын жағдайға жол бермеуге мүмкіндік берді.

Қазір күнбағыс экспортына бұрын енгізілген шектеулердің оң нәтижесі байқалып отыр. 2022 жылдың 11 айында күнбағыс майы өндірісі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66,6%-ға өсті. Экспорт 204,8 мың тоннаны құрады. Бұл – 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 2,5 есе көп (79,9 мың тонна). Сонымен қатар, 2021 жылы қайта өңдеу қуаты 594 мың тонна болатын 3 жаңа зауыт іске қосылды. Қазір күнбағыс өңдейтін 47 кәсіпорынның жалпы қуаттылығы – 2,8 млн тонна.

Еліміздің сыртқы сауда ағындарын реттеу, оның ішінде шикізат пен басқа да тауарлардың экспортына шектеулерді енгізу және жою жөніндегі шешімдер сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға (ХЭҰ) қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарында қабылданады. ХЭҰ – алқалы орган, оның қатысушылары – мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП атынан бизнес болып табылады, салалық қауымдастықтар шақырылады. Экспорттық баж салығын енгізудің барлық аспектілері 2022 жылы талқыланды. Қазақстанда өсімдік майы өндірісінің қазіргі және перспективалық өсуін, оны ішкі нарықта тұтынуды, май мен шикізатқа әлемдік бағаны, күнбағыс тұқымы импортының көлемін және т.б. ескере отырып, биыл нақты қабылданған квоталар баждардың орнына енгізілді.

Сондай-ақ АШМ қазір 2023 жылдың басынан бастап жоспарланып отырған күнбағыс экспортына экспорттық бажды қолданысқа енгізу туралы бұйрықтың жобасы Ашық НҚА порталында жария талқылауға қойылғанын және экспорт көлеміне шектеулер көздемейтінін жеткізді. Министрліктің мәліметінше, экспорттық бажды қолдану – бұл, біріншіден, күнбағыс экспортының орташа жылдық деңгейін сақтауға, екіншіден, әлемдік нарықтарда жоғары сұраныс пен бағаның өсуі жағдайында шикізатты елден әкетудің шамадан тыс көлемін тежеуге, үшіншіден-өзіндік өңдеуді, қосылған құны бар өнімді өндіру мен экспорттауды дамытуға жәрдемдесуге мүмкіндік беретін шара.

 Бұл ретте экспорттық баж алудан түсетін кірістер сол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер субсидияланатын елдің бюджетіне бағытталатын болады. Бұдан басқа, экспорттық баж қолданысқа енгізілгенге дейін отандық күнбағыс майын өндірушілермен бағаны тұрақтандыру туралы меморандумдар жасалатын болады, онда зауыттан босату бағасы литріне 750 теңгені құрайды.

Күнбағысқа экспорттық баж салығын қолдану табысты әлемдік тәжірибе болып табылады. Мысалы, Украинада күнбағыс үшін 23% экспорттық баж 1999 жылы енгізіліп, 2012 жылға дейін қолданылды. Егер 2000 жылы Украинада күнбағыстың жалпы өнімі 3,5 миллион тоннадан аспаса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 16,7 миллион тоннаға жетті. Өңдеу қуаты 2000 жылы 2,6 миллион тонна күнбағыстан 2021 жылы 24 миллион тоннаға дейін өсті.  Осылайша, Украинада экспорттық баждың енгізілуі елдегі күнбағыс өндірісінің төмендеуіне әсер етпеді, керісінше, мемлекеттің әлемдегі ең ірі өсімдік майын экспорттаушыларға (жалпы әлемдік экспорттың 50%) шығарылуына ықпал етті.

Ресей Федерациясында 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күнбағыс экспортына экспорттық баж ұзартылды. Сонымен бірге оның мөлшері екі есеге жуық өсті, тоннасына 165-тен 320 еуроға дейін. Ресейдің Май одағы мәліметтері бойынша, елдің өндірістік қуаты жиналған өнімді толығымен өңдей алады. 

Осылайша, күнбағыс экспортына экспорттық баж салығын енгізу тек өңдеу саласына ғана емес, жалпы ел экономикасының дамуына да оң әсер ететін шара болып табылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама