Қазақстандықтар бір миллионға жуық долларды шетелге заңсыз алып кетпек болған
Бұл тек ақпандағы көрсеткіш
Қазақстандықтар бір миллионға жуық долларды шетелге заңсыз алып кетпек болған.
2022 жылғы ақпанда жеке тұлғалар декларацияланбаған 995 410 долларды шетелге алып кетпек болған, – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті.
2022 жылғы ақпанда ғана «Жетісу», «Әуежай-Астана», «Әуежай-Ақтөбе», «Қазығұрт», «Әуежай-Шымкент», «Әуежай-Ақтау» кеден бекеттерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша алып кетудің 51 фактісі анықталған. Жалпы, 2022 жылғы ақпанда 50 әкімшілік құқық бұзушылық материалы жасалған (тауарларды, қолма-қол ақшаны, ақша құралдарын декларацияламау немесе анық емес кедендік декларациялау, кедендік құжаттардағы мәліметтерді анық емес мәлімдеу). Бұл заң бұзушылықтар бойынша 1 531 500 теңге айыппұл салынған.
«Тек Алматы қаласында 2022 жылғы ақпанда жеке тұлғаларға 37 әкімшілік құқық бұзушылық туралы материал жасалған және қылмыстық құқық бұзушылық сипатындағы 1 дерек анықталған. Ол азаматтар 298 млн теңгеден аса, нақты айтқанда 688 262 долларды декларацияламастан алып өтпек болған. Айыппұлы - 1 133 310 теңге. Мәселен, 4 ақпанда Алматы қаласының халықаралық әуежайында «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері «Алматы-Ыстамбұл» қатынасындағы әуе рейсімен ұшуға бағытталған Қазақстан азаматы тоқтатты. Ұстау кезінде 97 000 доллар сомасында декларацияланбаған ақша анықталды. Материал одан әрі тергеу үшін Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне берілді», – делінген ақпаратта.