Halyq Uni логотип
×

Өңірлер үшін KPI белгіленеді: Үкімет халық табысын арттыру бағдарламасын таныстырды

Бағдарламада көзделген нақты іс-шараларды орындау бойынша өңірлер мен мемлекеттік органдар үшін KPI белгіленбек

 Айнұр Шошаева 10.03.2022 | 11:30
Өңірлер үшін KPI белгіленеді: Үкімет халық табысын арттыру бағдарламасын таныстырды
коллаж: Halyq Uni

Бүгін үкімет отырысында Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген Халық табысын арттыру бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министр Әлихан Смайловтың айтуынша, бағдарлама халықтың нақты табысын арттыруды және жұмыспен қамтуды көздейді. Сондықтан ол жүйелі индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы іске асады.

Жаңа жұмыс орындарын өндірістік кластер құру, шағын және орта бизнес саласын қаржылай қолдау, ірі кәсіпорындар жанынан шағын кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау арқылы ұлғайту жоспарланып отыр. Жеке үй шаруашылықтарын дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, микрокредит беру ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, табысын арттыруға ықпал етеді, - деді Смайылов.

Сонымен бірге ол құжатта негізгі басымдық жастарға берілетінін атап өтті.

«Оқу бітіретін түлектерді жұмысқа орналастыру үшін университеттер жанынан Карьералық орталықтар құрылады. Ал бос жүрген жастарды жұмысқа тарту нақты шаралар арқылы іске асады. Бұнымен қатар бюджет қызметкерлері, соның ішінде дәрігерлер мен кіші медициналық персонал, педагогтер жалақысын арттыру көзделген. Бұған қоса еңбек табысының айырмашылығын қысқартуға және халықтың сатып алу қабілетін арттыруға көңіл бөлінеді», – деп қосты премьер.

Бағдарламада көзделген нақты іс-шараларды орындау бойынша өңірлер мен мемлекеттік органдар үшін KPI белгіленеді. Аталған нысаналы индикатор бойынша әкімдіктер мен мемлекеттік органдар тиімділігі мен рейтинг бағалаумен Ұлттық экономика министрлігі айналысады.

11 қаңтарда өткен Мәжілістің жалпы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама