Алғашқы микронесие 2023 жылғы бірінші тоқсанның соңында беріледі деп жоспарланған
2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде қазақстандықтардың тиімді шартпен шағын несие алуына мүмкіндік беріледі, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Бұл ретте ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындары бизнес ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге шағын несие ала алады.
Сыйақының номиналды жылдық мөлшерлемесі – 2,5%, несие мерзімі 7 жылдан аспайды, кепілдік қойылуы тиіс. Несиенің ең жоғары сомасы – шамамен 7,9 млн теңге (2,5 мың АЕК), ірі кооперацияны дамыту үшін – 25,4 млн теңге (8 мың АЕК), - деп жазылған хабарламада.
Кредитті беру операторларын жергілікті жерлердегі әкімдіктер мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы айқындайды. Ал алғашқы микронесие 2023 жылғы бірінші тоқсанның соңында беріледі деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилот жобасы алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында басталған-ды.
Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл бағдарламаны бүкіл Қазақстан бойынша масштабтауды тапсырған еді. Енді 2023 жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 52,4 млрд теңге бөлініп, 11 мыңнан аса шағын несие беріледі.