Halyq Uni логотип
×

Екібастұздағы апат: Тоқаев тұрғындарға өтемақыны кім төлейтінін айтты

Президент ел бойынша дұрыс жұмыс істемей тұр 19 ЖЭО-ға қатысты тапсырма берді

 Айгерім Таубай 12.12.2022 | 12:20
Екібастұздағы апат: Тоқаев тұрғындарға өтемақыны кім төлейтінін айтты
Фото: Константин Шелков

Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзда жылу желілерінің істен шығуына байланысты зардап шеккен тұрғындарға өтемақыны кім төлейтінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Екібастұз тұрғындарына келтірілген залалды өтеу шығындары меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінуге тиіс. Үкімет кейінгі жылдары меншік иелері әрекет етпеген апат алдында тұрған инфрақұрылымның әрбір объектісі бойынша кешенді түрде талдау жасап, шешім қабылдауға тиіс. Мұндай жұмысты жергілікті деңгейде өңір әкімдері жүргізеді», - деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сондай-ақ мемлекет басшысы ел бойынша жылу электр орталығының (ЖЭО) орта есеппен 66 пайызға тозғанын, кей қалада нысанның 80 пайызы тозғанына тоқталды.

ЖЭО-ның үштен бірі жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп тұр. Шығыс Қазақстан облысының Риддер және Шемонаиха қалаларында жылумен жабдықтау желілері толығымен тозған, - деді мемлекет басшысы.

Тоқаев үкіметке бірнеше рет энергия объектілерін уақтылы жаңғыртуды бақылауға алуды тапсырғанын айтты.

Әкімдіктер бәрін үкіметке ысырып, өздері шеше алмады. Бұл нысанның барлығы сіздер жауап беретін аймақта орналасқан, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент әкімшілігі жанынан құрылған арнайы комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтаған.

Оларды шұғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине, энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сметасында ескерілгені жөн, - деп толықтырды президент.

Мемлекеттік меншіктегі энергия объектілері бюджет есебінен жөнделуге тиіс. Ал жеке объектілерді «инвестиция орнына тариф» бағдарламасы шеңберінде өз есебінен жаңғыртуы қажет.

«Үкімет бұл міндетті жедел түрде шешуге міндетті. ЖЭО-мен қатар жылу желілері де апатты жағдайда тұр. Қазір бір жарым мың шақырымнан астам жылу желісі шұғыл ауыстыруды және жөндеуді қажет етеді. Олардың орташа тозуы 75%-дан асады, ал Арқалық, Риддер және Шемонаиха қалаларында желілер толығымен тозған. Үкімет бұл мәселені үш жыл ішінде шешуі қажет. Комиссияның баяндамасына сәйкес, 528 миллиард теңге қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама