Жалақы көлемі 15-25%-ға артуы мүмкін
Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық еңбек нарығында білікті маман тапшылығы өзекті мәселе ретінде қалып отыр.
Экономист Серік Қозыбаев Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында 2023 жылы қазақстандықтардың табысы өсе ме және кімдердің жалақысы өседі деген сауалға жауап берді. Оның айтуынша, жалақы негізінен жеке секторда шоғырланғандықтан баяу болса да өсуі мүмкін.
ЖАЛАҚЫНЫ КӨТЕРУ ИНФЛЯЦИЯҒА КЕРІ ӘСЕР ЕТПЕЙДІ
«Менің ойымша, келесі жылы да жалақы көтерілуі мүмкін. Биылғыдай қарқынмен болмауы мүмкін. Өйткені жалақы негізінен жеке секторда шоғырланған. Экономиканың әдеттегі ережесі – қызметкерлер барлық шығындарды жабу үшін жақсы нұсқаларды іздей бастайды. Сондықтан нарық оларға бейімделеді, ал жұмыс берушілер жалақыны соған сәйкес көтереді. Ал мемлекеттік сектор жалақыны инфляция деңгейіне қарай индекстей ме белгісіз, бірақ бизнес мұны істеуге дайын емес», – дейді ол.
Экономист инфляция жоғары кезде жалақыны көтеру инфляцияға кері әсер етпейді деген пікірде.
«Жалақыны көтеру инфляцияға кері әсер етпеуі керек. Әрине, жалақының инфляцияға индекстелгені жақсы, бірақ оны әр ұйым көтере алмайды. Атап айтқанда, ұйымда кіріс азайған жағдайда, керісінше қысқарта бастайды», – дейді Серік Қозыбаев.
МЕМҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДҢ ЖАЛАҚЫСЫН ЖҮЙЕЛІ КӨТЕРУ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТПАЙДЫ
Сондай-ақ сарапшы бюджет қызметкерлерінің жалақысы қайтадан шетте қалуы немесе болмашы ғана өсім болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Ал бюджеттік ұйымдарға келетін болсақ, әрине, жағдай сәл басқаша. Олар әрдайым жалақыны инфляцияға индекстемейді. Сондықтан аз ғана артады. IT, қаржы секторы, тау-кен өнеркәсібі сынды салаларда жалақы көлемі биылғыдай артады. Десе де мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы бұрыннан төмен. Менің ойымша, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын жүйелі түрде көтеру мемлекеттік секторға жоғары білікті жеке сектор қызметкерлерін тарту үшін жеткілікті болмайды», – деді ол.
Оның айтуынша, азық-түліктің қымбаттауына жалақы көлемінің артуы әсер етпейді. «Инфляцияға экономиканың әлсіздігі және тауар жеткізу тізбегінің бұзылуы ықпал етеді», – дейді сарапшы Серік Қозыбаев.
Айта кетелік, 2022 жылы ең төменгі жалақы көлемі 60 мың теңгені құрады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл көрсеткіш 70 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл жалақысы ең төменгі деңгейде қалып тұрған 1,6 миллион жалдамалы қызметкердің ақшалай табысының өсуіне әкеледі. 2019-2021 жылдар аралығында ең төменгі жалақы 42 500 теңге болатын.
ЖАЛАҚЫ КӨЛЕМІ 15-25%-ҒА АРТУЫ МҮМКІН
Жұмыс іздеу және жалдау бойынша қызмет көрсететін HeadHunter компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанда 2022 жылдың үшінші тоқсанында орташа арифметикалық жалақы 270 мың теңгені, ал медиандық жалақы 201 мың теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда орта есеппен 5 %-ға көп. Пайызға шаққанда 2022 жылы орташа арифметикалық жалақы 19% (2021 жылы 1,20%-ға көп) болса, медиандық жалақы көлемі 14%-ға (2021 жылы 3%-ға көп) жеткен.
«Жыл сайын білікті кадрларға сұраныс артып келеді. Еңбек нарығындағы мәселелердің бірі – маман тапшылығы. Үздіктерді тарта алу үшін компаниялар жалақы ұсыныстарын көбейтіп, бар қызметкерлерді сақтап қалуы керек, жалақыны индексациялауға инвестиция салуы қажет. Жалпы алғанда жалақы көлемі 15-25%-ға артуы мүмкін», – дейді hh.kz баспасөз қызметі.
Сондай-ақ порталда жұмыс берушілер көбіне сату бойынша мамандарды, бухгалтер, әкімші, IT мамандарын, көлік және логистика қызметкерлерін іздеген.