Жылу таратушы компаниялар миллиардтап қарыз
«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Серік Түйтебаевтың айтуынша, қондырғылардың қатты тозып кеткеніне назар аудару керек. Мысалы, «Самұрық-Энерго» АҚ-на қарасты жылу подстанциялары орта есеппен 85% тозған. Жекелей алсақ, ГРЭС-1 – 68%, ГРЭС-2 – 81%, ЖЭО-1 – 73%, АЛЭС ЖЭО-2 – 71% және АЛЭС ЖЭО-3 – 76% ескіріп кеткен. Бұл туралы ол баспасөз мәслихатында айтты.
ГЭС-тер бойынша да орташа тозу дәрежесі 85%-ға жеткен. Мұнда да подстанциялар бойынша тізсек, Шардара ГЭС-і – 5% (жуырда ғана жаңартылған), Мойнақ ГЭС – 28%, Қапшағай ГЭС-і – 85%, Каскад ГЭС-і – 82% тозған.
«Алатау Жарық Компаниясының» желілері де шамамен 93%-ы тозған.
Серік Сүйінбекұлының сөзінше, тозу жағдайлары қарыздың қордалануынан болып отыр. Мысалы, «Алматы жылу желулері» ЖШС-нің жылдан жылға төлемей келе жатқан қарызы шамамен 15 млрд теңгеге жеткен. Жаңа қондырғылар мен жанар-жағармай сатып алуға, жалақы төлеуге керек қаражат қашан өтелері белгісіз.
Ал «Богатырь-көмір» ЖШС де қазір 5 млрд теңге шамасында қарызын «Павлодарэнерго», «Севказэнерго», Степногор, «Қарағандыэнерго», «Екібастұзэнерго» мен «Көкшетау-Энерго» кәсіпорындарынан қайтара алмай отыр.