ЕЭК тез бұзылатын тауарлар тізбесін бекітті
Тауарларды шекарадан өткізу кезінде оларға басымдық беріледі
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) тез бұзылатын тауарлар тізбесін бекітті, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Комиссия шешімі биыл 7 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексінің 81-бабы 3-тармағына сәйкес, тез бұзылатын тауарлар санатының тізбесін комиссия айқындайды.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен талқылау қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі «Кедендік операцияларды бірінші кезекте жасау тәртібі қолданылатын тез бұзылатын тауарлар санаттарының тізбесін бекіту туралы» 2022 жылғы 17 қазандағы №160 шешімді қабылдады. Бұйрықпен бекітілген ұлттық тізбеге бұрын енгізілген тауарлардың барлық тізбесін қоса алғанда, тауарлардың 63 санатынан тұратын тауар тізбесі бекітілді, - деп жазылған хабарламада.
Тізбеге енгізілген тауарлар санаттарына қатысты кедендік операцияларды бірінші кезекте жасау тәртібі шешім күшіне енген күннен бастап, 2023 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін қолданылады.
«Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң – 2022 жылғы 7 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар және барлық басқа мүдделі тұлға осы шешімді басшылыққа алуы қажет. Бұдан былай аталған құқықтық қатынастарда бұйрық қолданылмайды», - деп жазылған МКК таратқан хабарламада.