«Дағдарыс дендей береді». Сарапшы 2023 жылғы еңбек нарығына болжам жасады

Ая Өміртай

2023 жылы әйелдер мен жастар жұмыс табуда қиындықтарға тап болуы мүмкін

Коллаж: Halyq Uni

Экономист, зерттеуші Анна Альшанская 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық құбылыстар фонындағы Қазақстанның еңбек нарығындағы мүмкіншіліктері мен қиындықтары туралы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Сарапшының айтуынша, соңғы екі жыл экономика мен еңбек саласының бір-біріне қаншалықты тәуелді екенін көрсетті. Бүгінде жаһандық экономика, оның ішінде Қазақстан да пандемия мен геосаяси шиеленістің әсерін сезініп отыр.

«Мұндай жаһандық белгісіздіктің аяқталу мерзімін болжау қиын. Қазақстанда ресми статистика бойынша, нарықта 2022 жылы күрт өзгерістер болған жоқ. 2022 жылдың III тоқсанында жұмыссыздық деңгейі бұрынғы 4,9% деңгейінде қалды, жалпы жұмыспен қамту біртіндеп өсуде. Еңбек нарығына инфляция да зиянын тигізіп отыр. Бағаның қымбаттауы мен жалақының төмендеуі ең әуелі табысы аз адамдарға қиын. Соның салдарынан еңбек нарығындағы теңсіздік күшейіп келеді», – деген сарапшы кешенді әрі жақсы ойластырылған стратегия болмаса, дағдарыс салдары тек күшейе беретінін айтады.

Анна Альшанскаяның айтуынша, қазақстандық еңбек нарығында жүйелі шешілмеген мәселелер, атап айтқанда, жұмыскерлердің осал санаттары бар. Ал экономикалық тұрақсыздық кезеңдері бұл санаттағыдар үшін оңай тимейді.

«Біріншіден, ерлерге қарағанда әйелдердің жұмыссыз қалу ықтималдығы жоғары. Бұл ретте Қазақстандағы әйелдер ерлер алатын жалақының шамамен 78 пайызын алады. Екіншіден, еңбек нарығына алғаш келген жастар жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болады. Олардың дағдылары жұмыс берушінің қажеттіліктеріне сай келе бермейді, ал жалақы көлемі тәжірибелі мамандарға қарағанда төмен. Үшіншіден, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі жұмысшылардың 13 пайызы лайықты еңбек жағдайлары мен әлеуметтік кепілдіктері жоқ бейресми секторда жұмыс істейді», – деп нақтылады зерттеуші.

Сонымен қатар, сарапшы орта және ұзақ мерзімді перспективада еңбек нарығын айқындайтын маңызды үрдістерді атады.

«Кезінде мүмкін еместей көрінген қашықтан жұмыс істеу пандемиядан кейін еңбек нарығында өз орнын алды. Зияткерлік қызметпен айналысатын қызметкерлер, мысалы, IT және қаржылық қызметтер саласында қашықтан жұмыс істеу ең үлкен әлеуетке ие. Алайда Қазақстанда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндердің көпшілігі әлі күнге дейін қашықтан жұмыс істеуге жарамайды», – дейді сарапшы.