×

«Борышкерлердің 60%-ы қамтылады». Коллекторлардағы қарыздар кешіріледі

Науқандық шараны нарықтағы 183 агенттіктің 16-сы ғана жүргізбек

 Ербол Тұрымбет 06.12.2022 | 14:40
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстан коллекторлары қауымдастығы 2 желтоқсанда мерзімі өткен қарыздарды төлеудің жеңілдік талаптарын қолдану жөнінде іс-шара жүргізетінін хабарлады. Онда мерзімі өткен берешегі бар барлық борышкерлер үшін, оның ішінде алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, сосын қаржылық жаңғдайы қиындаған азаматтар үшін қолайлы төлем кестесін ұсыну көзделген. 

Қазақстан коллекторлары қауымдастығының хатшысы Александра Шишикинаның айтуынша, қарыз алушылар коллекторлық агенттіктерге өтініш жазғанда не себепті төлей алмай қалғанын түсіндіруі тиіс. Сөйтіп, өзі төлем кестесін ұсынады. Ол кесте коллекторлық агенттіктің қолайына келсе, қайта құрылымдау туралы шешім қабылдайды. Айталық, егер қарыз көлемі азғантай болса, коллекторлық агенттік те өз тарапынан ыңғайлы төлем кестесін ұсына алады. 

Қауымдастық өкілінің сөзінше, осынша көлемге дейінгі қарыздар қарастырылады дейтіндей ешқандай шекті көлемі жоқ. Әр коллекторлық агенттік әр жағдайды өз бетінше қарастырады. 

Осы акцияның негізінде қауымдастыққа мүше коллекторлық агенттіктердің тізімінде тұрған борышкерлердің 60%-ын қамту көзделіп отыр. Сол 60%-дың бәрі өтініш берген жағдайда бәріне де тиісті шешім қабылданады. Ал коллекторлық агенттіктерге бұл шарадан ешқандай пайда жоқ. 

Пандемия болды, халықта табыс жоқ, елдің көңіл-күйі де түскен. Осы ауыртпалықты жеңілдету үшін, коллекторлық агенттіктердің баяғы 90-жылдардағыдай қарызды қандай жолмен болса да тартып алатындай емес, сөйлесіп келісуге болатынын көрсету үшін осындай шешім қабылдап отырмыз, дейді Александра Шишикина. 

Оның сөзінше, кей жағдайда борышкерлер несиесі ішінара немесе толықтай кешіріледі. Бірақ оны әр коллекторлық агенттік өз бетінше шешеді. Дегенмен, қазір колллекторлық агенттіктерде қанша адам тізімде тұр, қаншасына қатысты шешім қабылдануы мүмкін екені айтылмайды. 

Осы жаңалық 2 желтоқсанда жарияланғалы бері әзірге 200 шамалы адам хабарласқан. Бірақ олар негізінен қаржылық сауаттылық, банктерге қатысты сұрап жатыр екен. 

Айта кетерлігі, осы акцияны, яғни кепілдендірілген қайта құрылымдауды тек Қазақстан коллекторлары қауымдастығына кіретін агенттіктер ғана жүргізеді. Жалпы қазір нарықта 183 коллекторлық агенттік бар десек, оның ішінде ҚКҚ-на 16 коллекторлық агенттік кіреді. Бірақ оның ішінде 11-і 2007-2008 жылдардан бері қарыздарды сатып алумен айналысып келе жатқан ірі агенттіктер. Қалған бесеуі «Коллекторлық агенттіктер туралы» заң қабылданғаннан кейін сол 11 ірі агенттіктің қосымша ашқан компаниялары. 

Қоса кетейік, қарыз алушылар мына талаптар бойынша өтініш береді:

  • Берешекті талап ету құқығы коллекторлық агенттікке тиесілі болу керек; 
  • Берешекті қайта қаржыландыруды ҚКҚ мүшелері болып табылатын коллекторлық агенттіктер ғана жүргізеді.

Қарызды қайта құрылымдау туралы өтінішті:

  • Қазақстан коллекторлары қауымдастығының kzcollection.kz сайты арқылы;
  • ҚКҚ сайтында орналастырылған коллекторлық агенттіктердің электрондық мекенжайларына;
  • +7 776 508 33 00 нөміріне Whats арр арқылы жіберуге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама