×

Ресей Қазақстаннан экспортталған ұнтақталған күріштен сыра өндіреді

Министр Қазақстанда күріш тапшылығы болмайтынына сендірді

 Дәурен Ерболат 06.12.2022 | 12:12
Фото: eldala.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазақстандықтарды сабырға шақырып, ел қоймасында күріш қоры жеткілікті екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов министрге сұрақ қойды.

«Ербол Шырақбайұлы, қазір кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында күрішке қатысты әртүрлі мәлімет тарап жатыр. Осыған байланысты күріш нарығындағы жағдай қандай?», - деп сұрады премьер.

Ауыл шаруашылығы министрі жағдай тұрақты екенін атап өтті.

Ішкі нарықтағы ақ күріштің қоры 257 мың тонна деп бағаланып отыр. Қазақстандағы жылдық тұтыну көлемі – 97 мың тонна. Қазір өзіміздегі қор тұтыну көлемінен 3 есе артық. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша шетелге 70 мың тонна күріш экспортталды, - деді ведомство басшысы.

Министр экспортталған өнімнің 40 мың тоннасы ұнтақталған күріш екенін атап өтті.

«Сол күріштің 80%-ы Ресейге экспортталады. Бұл өнім сыра өндірісіне пайдаланылады. Сондықтан ішкі нарықтағы күріштің қоры жеткілікті. Экспортқа да шығаруға жағдайымыз жетеді. Күріштің бағасына тоқталайын. Өндіруші зауытта күріштің 1 келісі – 256 теңге, көтерме бағамен 340 – 390 теңге аралығында. Күріш тапшылығы қаупі өте төмен. Күріш өңдейтін өңірлердің дайын өнімді қосымша экспортқа шығаруға және жеткізетіндей қоры бар», - деді Ербол Қарашөкеев.

Үкімет басшысы министрден: «Ішкі нарық күрішпен толық қамтамасыз етіледі. Демек бұл алаңдауға ешқандай негіз жоқ деген сөз бе?», деп сұрағын нақтылады. Ауыл шаруашылығы министрі «Дәл солай!» деп қысқаша жауап берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама