Қазақстанда 12 мыңнан аса адам балық аулап күн көріп жүр

Дәурен Ерболат

Саланы дамыту үшін заңға өзгерістер енгізіледі

фото: belovofish.ru

Елімізде 12 мыңнан аса адам балық шаруашылығында жұмыс істеп жүр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде 1600 су айдыны 1200 шаруашылық субъектісіне бекітіліп, онда 12 мыңнан аса адам балық аулауды кәсіп етіп отыр. Сонымен қатар, 72 кәсіпорын балық өңдеумен айналысады. Оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды. Қалғандары ішкі нарық пен жақын шет елдерге бағдарланған, - деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, отандық өндірушілерді қолдау үшін «Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде кәсіптік балық аулаумен айналысатын субъектілер үшін қосымша құн салығын 70%-ға төмендету көзделіп отыр.

«Заң жобасы Парламентте қабылданды және мемлекет басшысына қол қоюға жолданды. Сондай-ақ терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды енгізу жоспарланып отыр. Тиісті түзету бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасында көзделген», - деді Серікқали Брекешев.