Halyq Uni логотип
×

Еліміздегі 7 әуежай мемлекет меншігінен жеке меншікке сатылғалы жатыр

Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай сатылмауы мүмкін

 Еркеғали Болатұлы 06.12.2022 | 10:25
Еліміздегі 7 әуежай мемлекет меншігінен жеке меншікке сатылғалы жатыр
фото: ашық дереккөз

Үкімет 2023-2025 жылдары жекешелендірілетін әуежайлардың тізімін жариялады. Енді еліміздегі әуежайлар жаппай сатылымға шығарылады.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, жалпы саны 7 әуежай мемлекет меншігінен шығарылуы мүмкін. Олар мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталында орналастырылды. Мәселен, келесі жылы қарашада Семейдің әуе қақпасы жекенің қолына көшпек. Сондай-ақ сол айда «Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайының» 100 пайыз акциясын сату көзделген. 2 жылдан соң «Қостанай халықаралық әуежайы», «Өскемен әуежайы» мен «Павлодар әуежайы» мемлекеттік меншік қатарынан шығарылады. Ал Шымкент әкімдігі 2025 жылдың аяғына дейін әуежайын сатып болуы қажет.

Ал Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай сатылмауы мүмкін. Өйткені былтыр 7,3 млрд теңгеге бағаланған әуеқақпаны жекешелендіруге ешкім қызығушылық танытпаған. Өткен айда нысан тағы да сатылымға шығарылғанмен, ол жолы да инвесторлар табылмады.

Біз әуежайды сату жоспарын 2021 жылдан 2024 жылға ауыстырдық. Бірақ қазір өңір басшысының тапсырмасымен премьер-министрге хат жаздық. Сол әуежайды жекешелендіру жоспарынан алып тастауды ұсындық. Қазір мемлекеттік комиссияда қаралып жатыр, - деді Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 20 әуежай жұмыс істейді. Оның 12-сі – мемлекеттік, 6-ауы – жеке. Тағы 2 әуежай сенімгерлік басқаруда. Сондай-ақ 6 тікұшақ айлағы бар. Егер 7 әуежай жекешелендірілсе, мемлекет меншігінде 5 әуе қақпасы ғана қалмақ.

Мемлекеттік меншіктің үлесі 50 пайыздан асып кетсе, экономиканың тежегіш күшіне айналады. Ресми мәліметтерде 50 пайыздан асады, ал бейресми мәліметтерде ол 70-80 пайызға барады. «Жеке сектор – тиімдірек менеджер» деген ұғым бар. Негізінен мемлекеттік менеджмент жеке секторға жол беріп қояды, - дейді экономист Мақсат Халық.

Бұл ретте мемлекет әуежайды толық қамтамасыз ете алмағандықтан сатады. Өйткені қажетті жабдықтары мен техникалық құралдар едәуір ескірген. Білікті мамандар да жетіспейді. Тағы бір себебі, халық саны аз болғандықтан әрі халықаралық рейстер дамымағандықтан, жолаушылар мен жүктерді тасымалдаудың көлемі төмен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама