Halyq Uni логотип
×

«Рецессия тудыруы мүмкін». Экономист базалық мөлшерлеменің көтерілуін осылай бағалады

Елдегі ақша массасы екі жылда 9 трлн теңгеге артып кеткен

 Ербол Тұрымбет 05.12.2022 | 15:43
«Рецессия тудыруы мүмкін». Экономист базалық мөлшерлеменің көтерілуін осылай бағалады
Коллаж: Halyq Uni

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,75 пайыздық пунктке көтеріп, 16,75% деп белгіледі. Бұл туралы бүгін Ұлттық банк хабарлады

Бұған дейін 17%-дық мөлшерлеме соңғы рет 2017 жылы еркін айналымға көшкен кезде болған. Ол кезде инфляция қарқыны жоғары болды. Соған байланысты ипотекалық несиелер мен бөліп төлеу тәсілі тоқтатылған еді. Қазір ондай жағдайлардың болу-болмауы екіталай. Бірақ енді несиенің қымбаттайтыны анық.  

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, базалық мөлшерлемені көтеру теңгеге белгілі бір дәрежеде күш береді. Ұлттық валюта аз болса да нығаяды. Дегенмен, несиелердің пайызы өсіп кетуіне байланысты іскерлік белсенділік төмендейді. Ал ол өз кезегінде экономикалық рецессияға ықпал етуі мүмкін, яғни экономиканың дамуын тежейді. 

Алайда Ұлттық банк осы жолғы көтергенінде базалық мөлшерлеменің осы жолғы көтерілуі де ең жоғарғы шегі екеніне ишара жасады. Яғни, келесі жолы ақырындап түсіру жағын ойластырамыз, ары қарай өспейді деген белгі танытты, дейді сарапшы.

Экономистің сөзінше, инфляцияны бәсеңдетуге негізгі құрал осы болып тұр. Ал инфляцияның төмендемеуінің тағы бір себебі, бізде айналымда ақша массасы көп деген ойда. Сондықтан ақша массасының реттелуін қадағаласа, ол да біраз инфляцияның төмендеуіне әсер етеді деген пікір айтады. 

Өйткені, ұлттық қордан қаншама аударымдар жасап жатыр. Өткенде ғана көрдім, осыдан 2 жыл бұрын елдегі ақша массасы 24 трлн теңге болған. Қазір 33 трлн теңгеге өсіпті. Яғни, екі жылдың ішінде 9 трлн теңгеге көбейіп кетіп отыр. Ол да инфляцияның артуына белгілі бір дәрежеде ықпал етеді, дейді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама