Halyq Uni логотип
×

«Әлсіз теңге тиімді». Қаржыгер 2023 жылға болжам жасады

Санкция күшейсе теңге құлдырауы мүмкін

 Ербол Тұрымбет 04.12.2022 | 11:10
«Әлсіз теңге тиімді». Қаржыгер 2023 жылға болжам жасады
Коллаж: Halyq Uni

Қарашаның 29-ы күні Еуразиялық даму банкі 2023 жылға арналған макроэкономикалық болжамдарын жариялады. Онда әлемдік инфляцияның үдеуі Қазақстанға да әсер ететіні айтылған. Оның үстіне, Ресей мен Беларусь арқылы келетін тауар тасымалы жолы өзгеруі мүмкін. Дегенмен, бұл факторлардың ықпалы біршама бәсеңдеп, Қазақстанда инфляция 7,8% деңгейінде қалыптасады деп болжанған. 

Ал базалық мөлшерлеме жыл қорытындысы бойынша 14%-ға бекуі тиіс. 

Доллар курсына келсек, қазіргі тұрақтылық аздаған өзгеріспен сол күйі сақталып, 2023 жылы орташа көрсеткішпен 485,6 теңге болады делінген. 

Қаржыгер Андрей Чеботаревтың айтуынша, отандық не осындай халықаралық, әлемдік қаржы институттары болжамы үлкен өзгеріске ұшырай қоймайтын нарыққа негізделеді. Соның ішінде, ЕАДБ оптимизм мен писсимизмнен гөрі көбіне реалистік болжамға ден қояды.

Ал нарыққа әсер ететін фактор ретінде олар негізінен мұнай бағасының түсуі, соғыс басталуы, суперсакнция салынуы секілді ауқымды мәселелерді ескереді. 

Енді осындай үлкен дүрбелең болмаса, мен де сол ЕАДБ-нің болжамымен келісемін. Өйткені жеке бағалауым бойынша, теңге нарықта шамадан тыс көп сатылды. Нақты курсы мығым тұр, – дейді сарапшы.   

Оның пікірінше, Ұлттық банк үшін «әлсіз теңге» саясатын жүргізген тиімді. Шілденің ортасынан бері солай етіп келеді. Соның арқасында бас банк курс тұрақтылығын сақтап отыр. Сайып келгенде, тұтынушы үшін мұнай бағасы қаншама құбылғанымен, теңге курсы тұрақты болып келеді. 

Доллар еркін курста тұрғандықтан, девальвация болмайды, тек бір мезетте әлсіреуі мүмкін. Ондай жағдай 2020 жылдың наурыз айында және 2022 жылдың да наурызында болған. Сол уақыттары наурыз айында мұнай бағасы 20 доллардан да төмендегенде теңге құлдыраған еді. WTI бағасы да Ресей соғыс ашқан соң айтарлықтай түскен. Алдымызды «қара қу» кесіп өтсе, ондай жағдай тағы қайталануы мүмкін, – дейді қаржыгер. 

Оның сөзінше, жалпы, теңге курсына әсер ететін негізгі төрт фактор бар:  мұнай бағасы, Ресей рублінің курсы, валютаға деген ішкі сұраныс және доллардың өзінің индексі. 

Сондай-ақ, ол қазір мұнай бағасы тұрақты түсіп келе жатыр деген пікірмен келіспейді. Өйткені, қазіргі бағасына көптен бері жетпеген. 

Мысалы, бюджетіміздің 2020-2023 жылдарға арналған жоспарында барреліне 35 доллардан есептелген. Ал қазір 90 доллар шамасында, біз үшін өте жақсы баға, – дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама